Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің музыкалық шебері – Қамар Қасымов
Мақала тақырыбының өзектілігі биыл 90-жылдық мерейтойы аталып өткелі жатқан еліміздің мәдени өмірінде маңызы зор ұжым – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі шығармашылығымен байланысты. 1934 жылы құрылған бұл ұжымның академиялық бағытта қалыптасып дамуы дәстүрлі музыка аспаптарының құрылысына айтарлықтай өзгешіліктер енгізілуін қажет етті. Жаңарған үлгіде дайындалған аспаптардың жасалуына бір топ музыка шеберлерінің ішінде Қамар Қасымов (1893–1966) та болды. Мақаланың мақсаты – шебердің XX-шы ғасырдың 30-шы жылдары ашылған қазақ ұлт аспаптар оркестрінің аспаптарын жасап жетілдірудегі тарихи еңбегін ашып айқындау болып табылады. Оған жету үшін мақалада: 1) Қ. Қасымовтың өмірлік және шығармашылық жолы және қазақ оркестрі аспаптарын жетілдіру тарихы туралы дереккөздермен танысу; 2) ішектерінің дайындалуы мен перне байлау жүйесін қарастыру; шебер қолданған батысқазақстандық домбыра қалыбы және шығысқазақстандық домбыраның өлшемдерін анықтау; 3) домбыра бөлімдерінің Қ. Қасымов қолданған дәстүрлі атауларын көрсету секілді зерттеу міндеттері қойылады. Мақалада кешенді және жүйелі тәсілдер, жүйелі-этнофониялық (Игорь Мациевский), және салыстырмалы-типологиялық әдістер қолданылды. Домбыра қалыбы мен аспаптың шығысқазақстандық түрінің зерттелуінде морфологиялық және эргологиялық талдау ұсынылған. Ұлттық музыка мәдениетіміздегі Қ. Қасымовтың рөлін ашатын алғашқы мақала отандық этноорганологияда бұрын арнайы қарастырылмаған мәселе – 1930–2020 жылдарындағы музыка аспаптары шеберлерінің өнерін зерттеуге серпін беріп, осы саланың қазіргі кездегі мамандарына домбыра тобы аспаптарын әрі қарай жетілдірудің бағыт-бағдарын көрсетеді; домбыра құрылымындағы бөліктердің дәстүрлі атауларын жандандыруды көздеп, елімізде Қ. Қасымов және оның замандастары тәжірибесі ескерілетін мемлекеттік музыка шеберханаларының ашылуы мәселесін насихаттайды.
Сведения
- Журнал
- Saryn
- Опубликовано
- 2024 · Т. 12, № 2
- Источник
- cyberleninka.ru
- Язык
- Казахский