Central AsianResearch Index

Коммуникативті оқыту әдісі: Қазақ тілін дәстүрлі оқыту үдерісін трансформациялау қиындықтары

Мақалада қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту үдерісінде мұғалімдердің коммуникативті оқыту әдісін қолдану тәжірибесіне кәсіби білім қоры мазмұны тұрғысынан кешенді талдау жасалады. Зерттеу барысында мұғалімдердің жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі қағидаларының бірі болып табылатын коммуникативті оқыту әдісін меңгеру деңгейі, оны сабақ үдерісінде қолдану дағдылары, сондай-ақ кездесетін кәсіби және әдістемелік қиындықтары айқындалды. Жұмыста сұхбат, сауалнама және сабақ әзірлемелерін талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде қазақ тілі пәні мұғалімдерінің басым бөлігі коммуникативті оқыту әдісінің негізгі қағидаларын меңгеріп, оқыту мазмұнын оқушының коммуникативтік құзыретін қалыптастыруға бағыттайтыны анықталды. Дегенмен, оқу үдерісінде әдісті толық қолдануға кедергі келтіретін факторлар – әдістемелік қолдаудың жеткіліксіздігі, оқу материалының күрделілігі және бағалау жүйесіне бейімделу қиындықтары кездеседі. Зерттеу нәтижесінде қазақ тілін оқытуда коммуникативті оқыту әдісін тиімді қолдануға қажетті лингводидактикалық білім қорының мазмұны, кәсіби-әдістемелік қолдау түрлері және практикалық ұсыныстар ұсынылды. Сонымен қатар жаңартылған білім мазмұны жағдайында қазақ тілін коммуникативті-функционалдық тұрғыда оқытуды жетілдірудің негізгі бағыттары қажет.Зерттеу мұғалімдердің кәсіби білім қорында, ең алдымен, коммуникативті-функционалдық лингвистиканың негізгі ұстанымдары бойынша білімнің жеткіліксіз екенін көрсетті. Осыған байланысты біліктілікті арттыру курстары аясында лингвистикалық пәндерді енгізу қажеттілігі негізделді. Сонымен қатар мұғалімдердің лингводидактикалық білімі коммуникативті оқыту әдісіне қатысты теориялармен және практикалық тәжірибелермен жүйелі түрде танысуды талап етеді.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 116, № 1, С. 99-113
Язык
Казахский
ISSN
1607-2790 · 2960-0642