ИРОНИЯНЫҢ КОМИКСТЕ ВЕРБАЛДЫ ЖӘНЕ ВИЗУАЛДЫ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ
Мақалада иронияның комикстерде вербалды және визуалды репрезентациясы қарастырылады. Зерттеу «Адамтас» атты веб-комикстің алғашқы шығарылымы негізінде жүргізілді. Комикс мәтініндегі ирониялық мағынаның қалыптасу тетіктерін анықтау, вербалды және визуалды кодтардың өзара әрекеттесуін талдау, оқырман тарапынан иронияны қабылдауға ықпал ететін негізгі белгілерді сипаттау мақсат етілді. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы иронияны дәстүрлі стилистикалық троп шеңберінен шығарып, мультимодалды, поликодты мәтін аясында қарастыруымен айқындалады. Практикалық тұрғыдан зерттеу нәтижелері қазақ комикстерін, графикалық мәтіндерді, визуалды нарративтерді және заманауи әдеби-коммуникативтік формаларды талдауда қолданылуы мүмкін. Зерттеу барысында сипаттамалы, контекстуалды, прагматикалық және мультимодалды талдау әдістері қолданылды. Талдау бірлігі ретінде жекелеген кадр, кадрлар тізбегі және аяқталған сюжеттік эпизод алынды. Ирониялық механизмдердің қабылдануын нақтылау мақсатында 20-35 жас аралығындағы 15 респондент қатысқан пилоттық сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері ирониялық әсердің көбіне мәтін мен суреттің мағыналық қайшылығы, кейіпкер сөзі мен жағдаяттың сәйкес келмеуі, қате интерпретация, сарказмдық қайталау, перспективалық ирония, мимика, өлшем контрастылығы, кадр композициясы және чиби-деформация арқылы жасалатынын көрсетті. Респонденттер 33 беттің 27-сінен юморлық, 24 бетінен ирониялық элементтерді анықтаған. Бұл иронияның аталған шығармада жүйелі көркемдік қызмет атқаратынын білдіреді. Зерттеу қазақ комикстеріндегі иронияның әлемдік комикс дискурсына тән мультимодалды тәсілдермен сабақтас екенін және ұлттық мифологиялық, мәдени кодтармен ұштаса отырып, көпқабатты мағыналық құрылым түзетінін көрсетеді. Жұмыс нәтижелері комиксті лингвосемиотикалық, дискурстық және рецептивтік тұрғыдан зерттеуге үлес қосады.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · № 3, С. 297-312
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2707-9910 · 2788-7979
- Издатель
- Non-profit Limited Company "Kokshetau University named after Sh. Ualikhanov