Central AsianResearch Index

А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ «ЕМЛЕ ТУРАЛЫ» МАҚАЛАСЫНДАҒЫ ЕМЛЕ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ОРФОГРАФИЯСЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ

Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының 1929 жылы жарияланған «Емле туралы» еңбегіндегі орфографиялық жүйелер талданып, олардың қазіргі қазақ емлесін ғылыми тұрғыдан бағалаудағы маңызы айқындалады. Зерттеу өзектілігі қолданыстағы жазу тәжірибесінде бірізділіктің әлсіреуімен, орфографиялық сөздіктерде тіл жүйесіне сәйкес келмейтін нұсқалардың кездесуімен және Байтұрсынұлының нақты позициясының кейінгі теориялық ұғымдармен араластырыла түсіндірілуімен байланысты. Зерттеудің мақсаты – «Емле туралы» мәтініндегі емле жүйелерін, авторлық бағалаулар мен нақты ұсыныстарды түпнұсқа логикасы бойынша жүйелеп, олардың қазіргі қазақ орфографиясына қатысты әдіснамалық мүмкіндігін көрсету. Зерттеу материалы ретінде тек А. Байтұрсынұлының «Емле туралы» мақаласы алынды. Мәтіндік, құрылымдық-семантикалық, контекстік және салыстырмалы-интерпретациялық тәсілдер қолданылды. Нәтижесінде ғалым емле негізін таңба жүйелі, тарих жүйелі, туыс жүйелі және дыбыс жүйелі деп төртке жіктегені; оларды тең дәрежеде қолдамағаны; туыс немесе дыбыс жүйесінің бірін абсолюттендіруге де, әр сөзге жеке ереже жасауға да қарсы болғаны анықталды. Автордың негізгі шешімі бұрынғы емлені тұтастай өзгерту емес, оның кемшіліктерін тіл заңына сәйкес түзету және туыс пен дыбыс жүйесінің «түкпіріне қамалмайтын» жол табу екені дәйектелді. Мақаладағы сегіз ұсыныс түбір тұлғасын тану, көмескі дыбысты айқын позицияда тексеру, қосымша мен көмекші сөздерді жүйелі таңбалау сияқты өзара байланысты нормалау амалдары ретінде сипатталды. Талқылауда бұл нәтижелер қазіргі орфографиялық сөздіктердегі жүйелілік мәселесіне қатысты отандық зерттеулермен салыстырылды. Зерттеудің құндылығы Байтұрсынұлының төл тұжырымдарын зерттеушілердің кейінгі интерпретацияларынан ажыратып көрсетуімен анықталады. Нәтижелерді емле ережелерін жетілдіруде, орфографиялық сөздік түзуде және қазақ орфографиясын оқытуда пайдалануға болады.

Сведения

Опубликовано
2026 · № 3, С. 27-40
Язык
Казахский
ISSN
2707-9910 · 2788-7979
Издатель
Non-profit Limited Company "Kokshetau University named after Sh. Ualikhanov