Central AsianResearch Index

«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ АУДАРМАСЫ: ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ

«Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ халқының тұрмысы мен тарихынан мол дерек беретін лингвистикалық мәдени құндылығы жоғары көркем шығарма. Роман ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап аударыла бастады, әлі де әлемнің көптеген тіліне аударылып жатыр. Алайда шығарманың аудармалары түпнұсқа, яғни қазақ тілі арқылы емес, дәнекер тіл – орыс тілі арқылы тәржімаланған. Екіншілік аударма барысында түпнұсқадағы автор идеясы ғана емес, мәтіннің көркемдік қуаты және тілдік, танымдық ерекшеліктері сақталуы – даулы мәселе. Сол себепті «Абай жолы» романындағы тілдік бірліктердің аудармасын лингвистикалық тұрғыдан талдау зерттеудің өзектілігін танытады. «Абай жолы» романындағы автордың ой-мақсатын жеткізуде, ұлттық мәдениетімізді бейнелеуде маңызды рөл атқарып тұрған бірліктердің бірқатары –бейвербалды амалдар. Шығармадағы паралингвистикалық құралдардың аудармасы шығарма мазмұнының толық ашылуына, оқырман қабылдауы мен бағалауына тікелей әсер етеді. Сондықтан зерттеудің мақсаты – роман-эпопеяның орыс тіліндегі нұсқаcындағы бейвербалды амалдардың аударылуын басты назарға ала отырып «Абай жолы» дәуірнамасының жалпы аудармаларының мәдени-тілдік құндылығын айқындау. Зерттеу нәтижесінде ым-ишараттардың аударылмаған тілдік бірліктер (лакуналар), сөзбе-сөз аударылған тілдік бірліктер, сәтті аударылған тілдік бірліктер, теңестірілген тілдік бірліктер, еркін түрде аударылған тілдік бірліктер, жартылай аударылған тілдік бірліктер сынды алты түрлі жолмен аударылғаны анықталып, мысалдармен дәйектелді. Сондай-ақ «күлу» етістігіне қатысты кинемалардың орыс тіліндегі баламаларына семантикалық талдау жасала отырып, тілдік емес құралдарды аударудағы қиындықтар мен мағыналық ауытқулар көрсетілді.

Сведения

Опубликовано
2024 · № 1, С. 121-135
Язык
Казахский
ISSN
2707-9910 · 2788-7979
Издатель
Non-profit Limited Company "Kokshetau University named after Sh. Ualikhanov