Central AsianResearch Index
Keruen2026

Д.Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына қатысты архивтік материалдардың игерілуі

Қазақтың ұлттық музыка өнерінде «күй атасы» Құрманғазы Сағырбайұлының ең дарынды, ең сүйікті шәкірті Дина Кенжеқызының өмір жолы мен шығармашылық мұрасының әлі де зерттелмей келген тұстары бар. Дина он жыл бойы жанына еріп репертуарын, орындау шеберлігін үйренген ұстазының күйлерін өмір бойы насихаттады. Сол мақсаты жолында Құрманғазының мұрасын ұрпаққа жеткізем деп жетпіс алты жасында Алматыға қоныс аударып, республиканың мәдени өміріне белсене араласады. Бірақ та, қарт Дина жиырма жылға жуық уақыт астанада, әйгілі өнерпаздармен концерттер қойып, ірі қоғам қайраткері, композитор Ахмет Қуанұлымен қарым-қатынаста болса да, оның өмір жолы мен күйлерінің шығу тарихы туралы кейбір ақпараттар жеткіліксіз деңгейде қалды. Күйшіге қатысты естеліктерде жазылғандай, өзі туралы әңгімелеп беруді сұраса, ол ұстазына қатысты оқиғаларды қызықты етіп баяндайтын болған. Күйшінің көзі тірісінде өзіне арналған очерк жарияланғанына қарамастан, табылған материалдар көрсеткендей бірқатар күйлерінің шығу тарихы мен атауы кеңестік идеологияға сәйкес және ақпарат жетіспеушілігінен бұрмаланған. Осы жәйтке архивтік материалдар (құжаттардың) негізінде жаңаша баға беру бұл жұмыстың негізгі идеясын анықтайды. Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі күй мұрасын тарихи шындық тұрғысынан қайта қарастырудың өзектілігін айқындайды. Мақалада Дина Кенжеқызы Нұрпейісоваға қатысты Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен (Мәскеу облысының Красногорск қ.), Астрахань облысының мемлекеттік қазыналық «Астрахань облысы мемлекеттік архиві», Тәшкент қаласындағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотофоноқұжаттар архиві, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік архиві» және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі архиві, Атырау облыстық және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен табылған фотосуреттер, фономатериалдар, қолжазбалар мен құжаттардың деректік құндылығын ғылыми тұрғыда айқындау және күйшінің өмірбаяны мен шығармашылығын жаңа қырынан зерделеу мақаланың негізгі мақсаты боп табылады. Зерттеменің ғылыми маңыздылығы табылған архивтік материалдар арқылы күйшінің өмірбаяны мен кейбір күйлерінің шығу тарихына қатысты мәліметтердің нақтыланып, тарихи және өнертанулық тұрғыдан қайта бағалануында.

Сведения

Журнал
Keruen
Опубликовано
2026 · Т. 92, № 3, С. 343-358
Язык
Казахский
ISSN
2078-8134 · 2790-7066
Издатель
Institute of Literature and Art named for M. Auezov