Central AsianResearch Index
Keruen2026

Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясында және визуалды зерттеулерде мәдени кодты зерделеу

Мақала бейнелеу өнеріндегі мәдени код ұғымын теориялық тұрғыдан тереңірек зерделеуге бағытталған. Бұл тақырыптың өзектілігі қазіргі ғылымда мәдени код ұғымының теориялық негіздерін нақтылай түсу қажеттілігінен және отандық өнертану ғылымындағы жинақталған бай тәжірибелік мәліметтерді жаңа ғылыми тұжырымдармен байланыстыру маңыздылығынан туындайды. Ғылыми жұмыстың мақсаты – өнертану ғылымы саласындағы және визуалды зерттеулердегі мәдени код ұғымын зерделеудің негіздерін жүйелеп, оны талдаудың төрт деңгейлі жаңа үлгісін ұсыну. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында семиотикалық, құрылымдық және мәдени антропологиялық әдістер кешенді түрде пайдаланылды. Жұмыстың теориялық негізі ретінде таңба мен мәдени кодты зерттеген ғалымдардың, соның ішінде отандық өнертанушылар Р. Ергалиева, Х. Труспекова және Д. Шарипованың еңбектері алынды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мәдени код – тарихи аспектіні, семиотикалық жүйені және рецепцияны біріктіретін қарым-қатынас құрал. Осыған сүйене отырып, өнер туындысын талдаудың төрт деңгейлі әдіснамалық үлгісі қалыптасты. Бірінші деңгей – туындыны визуалды қабылдау; екінші деңгей – оның көркемдік формасы мен композициялық құрылымын талдау; үшінші деңгей – қолданылған белгілер мен символдардың мәнін ашатын семиотикалық талдау; төртінші деңгей – шығарманың әлеуметтік-мәдени контексі мен тарихи астарын зерделеу. Қазақ бейнелеу өнерінің туындыларын мысалға ала отырып, ою-өрнек, киіз үй мен жан-жануарлар бейнесінің жай ғана тұрмыстық элемент болудан қалып, ұлттық болмыстың терең символдық кодына қалай айналғаны көрсетілді. Қазіргі заманауи әдістер мәдени кодты қатып қалған белгілер емес, көрерменнің назары мен түсінігі арқылы ғана жанданатын тірі жүйе ретінде қарастыруға жол ашады. Сонымен қатар мақалада цифрлық дәуірдегі мәдени кодтардың трансформациясы, өнер туындысының түпнұсқалық ерекшелігін сақтау және жасанды интеллект жағдайындағы өнердің болашағы секілді өзекті мәселелер қарастырылған. Зерттеудің тәжірибелік маңызы зор. Ол отандық өнертану ғылымының теориялық базасын одан әрі байытып, визуалды шығармаларды жүйелі талдаудың тиімді ғылыми әдістемесін ұсынады.

Сведения

Журнал
Keruen
Опубликовано
2026 · Т. 92, № 3, С. 306-328
Язык
Казахский
ISSN
2078-8134 · 2790-7066
Издатель
Institute of Literature and Art named for M. Auezov