Қ.И. Сәтбаев еңбектеріндегі фольклорлық мұра мен академиялық әдебиеттану мәселелері
Мақалада Қ.И. Сәтбаевтың әдеби мұра мен академиялық әдебиеттануға қатысты еңбектері кешенді түрде қарастырылып, олардың отандық әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихындағы орны ғылыми тұрғыдан бағаланады. Зерттеудің негізгі дереккөзін 2024 жылы жарық көрген Қ.И. Сәтбаев шығармаларының бес томдық академиялық толық жинағы құрайды. Материалдар мазмұндық-қызметтік сипатына қарай көркем және фольклорлық мәтінді бағалау, әдеби мұраны жинау мен ғылыми жариялау, әдебиеттануды институционалдық тұрғыдан ұйымдастыру бағыттарында сараланды. Зерттеуде тарихи-функционалдық, мәтіндік-талдамалық, салыстырмалы және жүйелеу әдістері қолданылды. «Ер Едіге» жырына жазылған 1927 және 1951 жылдардағы қазақша және орысша алғысөздер текстологиялық тұрғыдан салыстырылып, авторлық ғылыми ұстанымның сабақтастығы мен кейінгі редакциядағы терминологиялық, стильдік және деректік нақтыланулар айқындалды. М.Әуезовтің «Абай» романына қатысты пікірлер, Мұрын жырау мұрасын хатқа түсіру жөніндегі бастама, Абай, Жамбыл, Шоқан, Ыбырай шығармаларының ғылыми басылымдары, «Қазақ эпосы», «Қазақ ертегілері» сияқты академиялық жобалар әдеби мұраны жүйелі игерудің нақты көріністері ретінде зерделенді. Сонымен қатар ҚазКСР Ғылым академиясының даму жоспарлары мен қорытынды есептері негізінде әдебиет тарихы, фольклор, ғылыми басылым және филологиялық мекемелердің мамандануы мәселелері талданды. Зерттеу нәтижесінде Қ.И. Сәтбаевтың әдебиеттану саласындағы тарихи орны оның әдеби мұраны зерттеу мен жариялауға, ғылыми бағыттарды жоспарлауға және академиялық құрылымдардың орнығуына жағдай жасаған ғылым ұйымдастырушысы ретіндегі қызметімен нақтыланды. Алғыс. Зерттеу BR24992920 «Академик Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасын зерттеу – Қазақстандағы ғылыми мектептерді дамытудың жолы» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында орындалды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2026 · Т. 92, № 3, С. 158-177
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov