«Қисса Баһрам» дастанының сюжеттік-мотивтік құрылымы мен текстологиялық ерекшеліктері
Мақалада «Қисса Баһрам» дастанының сюжеттік-мотивтік құрылымы мен текстологиялық ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеудің негізгі материалы ретінде дастанның 1908 жылғы Қазан басылымы, 1995 жылы «Батырлық дастандар» жинағында жарияланған нұсқасы және «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 20-томына енген ғылыми мәтіні алынды. Зерттеуде сюжеттік-мотивтік, құрылымдық-семантикалық, салыстырмалы-типологиялық және текстологиялық талдау әдістері қолданылды. Дастандағы перзентсіздік, бала тілеу, қаһарманның ерекше өсуі, сырттай ғашық болу, хабар алу, жолға шығу, сынақтан өту, хат пен жүзік арқылы хабарласу, ғашықтардың жүздесуі және елге оралу мотивтерінің өзара байланысы сараланды. Алтын киіктің көрінуі Баһрамның сапарға шығуына түрткі болса, Гүләндамның суреті мен оның жанындағы жазу кейіпкердің қызды іздеуге бел бууына себеп болады. Пері шалдың хабары іздеудің бағытын айқындап, жол үстіндегі шайқастар ғашықтық сапардың қаһармандық сипат алуына негіз болады. 1908 және 1995 жылғы мәтіндерді салыстыру барысында түпнұсқаға тән фонетикалық ерекшеліктердің сақталмауы, жекелеген сөздердің қате оқылуы мен алмастырылуы, өлең жолдарының түсіп қалуы және мағынаға сәйкес келмейтін өзгерістер анықталды. Мұндай айырмашылықтардың сөз мағынасына, мәтіннің толықтығына және кейбір эпизодтардың өзара байланысына әсер еткені көрсетілді. Зерттеу «Қисса Баһрамда» шығыстық ғашықтық сюжеттің қазақтың қаһармандық және халықтық жыр дәстүрлерімен сабақтасып жатқанын, ал дастанның көркемдік құрылымын тануда сюжеттік-мотивтік талдау мен мәтін нұсқаларын салыстыра қарастырудың маңызды екенін көрсетеді.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2026 · Т. 92, № 3, С. 108-125
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov