Бүгінгі қазақ театр өнері контексіндегі У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясының сахналық шешімі
Мақала қазіргі қазақ театрындағы Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясының сахналық интерпретацияларын талдауға арналған. Қазақстан театрларының қазіргі репертуарына жүргізілген шолу әлемдік классикалық драматургия туындыларының ішінде Уильям Шекспир пьесаларының ең жиі сахналанатынын көрсетеді. Бұл шығармалардың сан алуан сахналық қойылымы театр табиғатын тереңірек зерделеуге, классикалық мәтіндерді қабылдау ерекшеліктерін қайта пайымдауға және оларды сахнада көркем игерудің жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашады. Зерттеу нысаны ретінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қойылған «Отелло» спектакльдері алынды. Зерттеу барысында театртанушылық және өнертанулық талдау, сондай-ақ хронологиялық және салыстырмалы әдістер қолданылды. Ерекше назар режиссер Талғат Теменов пен Қуандық Қасымовтың шығармашылық ұстанымдарына, кейіпкерлерді көркемдік тұрғыдан ашу ерекшеліктеріне, адам мінез-құлқын сахнада бейнелеу тәсілдеріне және актерлердің рөлді сомдау шеберлігіне аударылды. Қойылымдар көркемдік ерекшеліктері, сценографиялық шешімдері мен сахналық бейнелеу тілі тұрғысынан салыстырмалы түрде сараланды. Сонымен қатар екі режиссердің Яго бейнесін қазіргі әлеуметтік шындықпен сабақтастыра пайымдау ерекшеліктері кәсіби деңгейде талданды. Зерттеу барысында зұлымдық пен сатқындықтың адамзатқа қауіп төндіретін құбылыстар ретінде көркемдік тұрғыдан қайта пайымдалатыны анықталды. Бұдан бөлек Яго рөлін сомдаған Нұркен Өтеуілов пен Асланбек Шайсұлтановтың актерлік орындаушылық ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасалды. Зерттеу нәтижелері Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясының қазақ сахнасында жаңа көркемдік сипатқа ие болып, қазіргі әлеуметтік мәселелермен сабақтаса отырып, көрерменмен өзекті әрі мазмұнды сахналық диалог құра алғанын көрсетті.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2026 · Т. 91, № 2, С. 240-252
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov