Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы діни-дүниетанымдық көзқарас
Мақалада қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы діни-дүниетанымдық көзқарастар әдебиеттанулық және діни-философиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеледі. Зерттеудің өзектілігі қазіргі қазақ әдебиетіндегі діни-философиялық поэзияның көркемдік табиғатын жаңа ғылыми ұстанымдар негізінде зерделеу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы исламдық дүниетанымның көркемдік көріністерін, оның рухани-этикалық мазмұнын және қазақ әдебиетіндегі діни-философиялық дәстүрмен сабақтастығын анықтау. Зерттеу барысында салыстырмалы-тарихи, герменевтикалық, әдеби-мәтіндік, құрылымдық-семантикалық және интерпретациялық талдау әдістері қолданылды. Ақынның діни мазмұндағы өлеңдері, күнделіктері мен шығармашылық мұрасы қазақтың классикалық рухани ойының көрнекті өкілдері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни-философиялық мұрасымен салыстырыла қарастырылды. Зерттеу нәтижесінде Мұқағали Мақатаев поэзиясындаАллаға сенім, имандылық, ар-ождан, әділдік, тағдыр, сабыр, рухани кемелдену, дін мен ғылымның үйлесімі сияқты исламдық құндылықтардың терең көркемдік-философиялық мазмұнда бейнеленетіні анықталды. Кеңестік идеологиялық қысым жағдайында ақынның діни дүниетанымды тікелей уағыздау емес, символдық бейнелер, метафоралар, философиялық пайымдаулар және лирикалық мінәжат үлгісі арқылы жеткізгені дәлелденді. Сонымен қатар ақын шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі діни-философиялық дәстүрді жаңа тарихи кезеңде көркемдік тұрғыдан жаңғыртып, ұлттық руханияттың дамуына ықпал еткені ғылыми тұрғыдан негізделді. Зерттеу қорытындылары Мұқағали Мақатаевпоэзиясының исламдық гуманизм қағидаларын ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра отырып, қазіргі қазақ әдебиетіндегі рухани құндылықтарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды көркемдік- эстетикалық құбылыс екенін көрсетеді.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2026 · Т. 91, № 2, С. 209-221
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov