Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көркемдік трансформация және жаңа эстетикалық парадигмалар
Бұл мақаланың мақсаты – тәуелсіздік кезеңіндегі қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістерді ұлттық дәстүр мен жаһандық әдеби үдерістердің өзара ықпалдастығы аясында кешенді түрде зерттеу. Зерттеудің негізгі ғылыми идеясы қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік ойлаудың трансформациясы модернистік, сюрреалистік және постмодернистік эстетикалардың тоғысында жүзеге асып, жаңа типтегі әдеби сананың қалыптасуына және жанрлық формалардың жаңаруына алып келеді деген тұжырымға негізделеді. Мақалада қоғамдық және рухани өзгерістерді жедел бейнелейтін динамикалық жанр ретінде әңгіме жанрының даму үрдістері талданады. Сонымен қатар адам болмысының дағдарысы, жатсыну, жалғыздық, ішкі монолог, сана ағымы, сондай-ақ мифопоэтикалық модельдер мен архетиптік образдардың белсенді қолданылуы сияқты көркемдік құбылыстар қарастырылады. Зерттеу барысында қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармаларындағы фрагментті композиция, интертекстуалдылық, мағыналық көпқабаттылық, символизм және ашық финал ерекшеліктері айқындалады. Автор дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын талдай отырып, ұлттық әдебиеттің өз болмысын сақтай отырып, әлемдік көркемдік кеңістікпен сабақтас дамып отырғанын көрсетеді. Зерттеудің әдіснамалық негізін герменевтикалық, салыстырмалы-типологиялық және тарихи-әдеби әдістер құрайды, бұл алынған нәтижелердің ғылыми негізділігін қамтамасыз етеді. Жұмыстың ғылыми маңызы қазіргі қазақ прозасының даму заңдылықтарын тереңірек түсіндіруге және оның жаһандық мәдени кеңістіктегі орнын айқындауға бағытталған. Практикалық маңызы зерттеу нәтижелерін әдебиеттану саласында оқыту үдерісінде және ғылыми зерттеулерде қолдану мүмкіндігімен анықталады. Зерттеу қорытындысында қазіргі қазақ әңгімелері дәстүрлі көркемдік ойлау мен жаңа эстетикалық бағыттардың синтезін көрсететін, ұлттық әдебиеттің сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айқындайтын маңызды құбылыс екені тұжырымдалады.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2026 · Т. 91, № 2, С. 153-170
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov