Экзистенциалдық философияның қазіргі қазақ әдебиеті дискурсына ықпалы
ХХ ғасырдағы саяси және әлеуметтік оқиғалар адамзат санасына ғасырлар бойы үстемдік еткен барлық идеологиялық жүйелердің күйреуіне алып келді. Осы кезеңде адам өмірінің мәнсіздігі мен дәрменсіздігі экзистенциализм шеңберінде зерттеле бастады. Экзистенциалдық философия Кьеркегордан бастау алғанымен, ХХ ғасырда теориялық және онтологиялық тұрғыда шарықтау шегіне жеткенін ескеретін болсақ, Хайдеггер, Сартр мен Камю және т.б. философтардың еңбектерінде адам еркіндігі, жауапкершілігі, жалғыздығы мен абсурд алдындағы таңдауы философиялық талдаудың өзегіне айналды. Уақыт өте келе, ХХІ ғасырдағы ғылыми-техникалық прогресс, урбанизация, ақпараттық қоғамның қалыптасуы бұл ұғымдардың мәнін одан әрі күрделендіріп, адам мен әлем, адам мен адам арасындағы қарым-қатынастың гетерогенді табиғатын айқындай түсті. Осыған сәйкес аталған философиялық парадигма тек ХХ ғасырдың ғана емес, ХХІ ғасырдың да философиясына, мәдениетіне, әсіресе әдебиетке айрықша ықпалын тигізіп, жаңа поэтикалық формалардың қалыптасуына жол ашты. Әлемдік әдебиеттің бір өкілі ретінде тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінде де экзистенциалдық парадигма белгілі бір деңгейде көрініс тапты. Дәлірек айтсақ, кеңестік дәуірдегі ұжымдық сана мен идеологиялық догмалардан арылған жаңа әдебиет ендігі уақытта адамның еркіндігін рухани жауапкершілік категориясы ретінде қарастырды. Бұл кезеңде қазақ авторлары әлеуметтік тип ретінде емес, өз болмысына, моральдық таңдауларына, ішкі әлеміне жауап беретін автономды субъект ретінде бейнеленді. Бұл мақала, осы контексттер мен конфигурациялар аясында тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің гетерогенді дамуын ескере отырып, ондағы экзистенциализмнің поэтикалық құрылымын, идеялық және эстетикалық параметрлерін талдауға бағытталады. Осы арқылы әдеби мәтіндердегі ұлттық көркем ойдың философиялық эволюциясын зерделеуді мақсат етеді.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2025 · Т. 89, № 4, С. 208-227
- Язык
- Казахский
- Цитирований
- 2
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov