ҚАЗАҚ ЭТНОМУЗЫКАТАНУЫНДАҒЫ Б.И. ҚАРАҚҰЛОВ ЕҢБЕКТЕРІ
Өнертану докторы, профессор Б.И. Қаракұловтың зерттеулері отандық және шетел мамандары арасында кеңінен танымал. Бұл, бірінші кезекте, оның қызметінің жан-жақты аспектілеріне байланысты болды. Б.Қаракұлов отандық этномузыкатанудың музыкалық этнография және музыкалық диалектология салаларына тың идеялар әкелді. Олардың негізгілерінің қатарында ән фольклоры музыкалық ерекшеліктерін анықтап картографиялау, оны әлеуметтік-тарихи өмір аясында қарастыру, қазақтың дәстүрлі әндері мен музыкалық-речитативті жанрлар үлгілерін домбыра бұрауында және аспап сүйемелдеуімен хаттау болды. Сонымен қатар ғалым – музыкалық түркология дамуының негізгі жолдарын белгілеген алғашқы қазақ зерттеушісі. Б.Қарақұловтың ғылыми жолының екінші жартысында туған және тұжырымдары халықаралық ғылыми қауымдастық мойындаған музыкалық симметрология теориясының алғашқы сүйенген материалы да қазақтың дәстүрлі әндері болды. Еуропа және Шығыс музыкасының музыкалық-теориялық және музыкалық-тарихи тұжырымдарын терең меңгерген көрнекті ғылым қайраткерінің тың идеялары оның кең эрудициясына, фольклорлық-экспедициялық жұмысы мен қазақ музыкасының домбыра бұрауында нотаға түскен үлгілерін талдаудың қомақты тәжірибесіне негізделіп, ғылыми ойының жүйелі бағытта қалыптасып дамуымен сабақтасты. Бұл мақала ғалымның этномузыкатану мұрасын қарастыруға, оның қазақтың дәстүрлі музыкалық-поэтикалық өнерін зерттеудегі ғылыми идеяларын талқылауға арналған. Оның мақсаты – ғалымның қазақ әуендерінің аймақтық-дыбысқатарлық ерекшеліктерін, халық музыкалық-поэтикалық шығармашылығы үлгілерін музыкалық транскрипциялау мәселелерімен байланысты негізгі ұстанымдарын, сондай-ақ оларды зерделеу жолында ұсынған бағыттар мен әдістерді қарастыру болып табылады. Зерттеу әдістемесі кешенді және жүйелі тәсілдерді, музыкалық-тарихи, құрылымдық және салыстырмалы-типологиялық әдістерді қамтиды. Зерттеу нәтижелері Б.Қаракұловтың этномузыкологиялық идеяларының өміршеңдігін көрсетіп, оларды этномузыкология және жоғары музыкалық білім беру саласында одан әрі қолданудың жарқын болашағын көрсетеді.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2025 · Т. 88, № 3, С. 275-295
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov