ҒҰРЫП ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ МӘРТЕБЕСІ
Мақалада әйел қауымының ғұрыптық фольклор аясындағы қызметі негізге алынып, бұл тақырыпқа қатысты жазылған түрлі ғылым салаларындағы іргелі зерттеулерді қамти отырып, адам баласының дүниеге келуі мен дүниеден өтуі аралығында атқарылатын ғұрыптық рәсімдер аясындағы әйелдердің іс-әрекеті, вербальдық, бейбервальдық қызметтеріне талдау жасалды. Қоғам дамуының әралуан кезеңдеріндегі әйел қызметінің отбасылық құндылықтарды сақтаушы, таратушы ретіндегі функциясына мән беріліп, оның жалпы әлеуметтік орта мен қоғамдық процестерге әсері жөнінде ғылыми топшылаулар түйінделді. Сондай-ақ ғұрыптық кешенді тудырған түрлі наным-сенімдер мен көне түсініктердің де тақырыпқа қатысты тұстары назарға алынды. Ғұрыптық кешенді құрайтын әрбір ғұрыптық рәсімнің (бала туу, үйлену, азалау) әрқайсындағы әйел функциясының ерекшеліктері жан-жақты талданып, жалпы ғұрыптың атқарылу нәтижесіндегі ортақ заңдылықтары айқындалды. Әйел жаратылысының ерекшелігінен туындайтын тек әйел затына тән табу мен тыйымдардың мән-маңызы мен оның отбасылық, қоғамдық қатынастарға әсері де қарастырылды. Зерттеу барысында соңғы жылдардағы археологиялық, этнографиялық еңбектердегі тың ой-пікірлердің тақырыпқа қатысты тың деректеріне де мән берілді. Қазақтың дәстүрлі отбасылық жүйесінде қалыптасқан көп балалы, жасы үлкен әйел мәртебесінің әлеумет, қоғамдық ортадағы маңыздылығы жайында ой-тұжырымдар түйінделіп, бұл заңдылық кейбір түркі халықтарының материалдарымен салыстырылып, сабақтастығы нақтыланды. Зерттеу қорытындысында әйел тақырыбына қатысты түрлі саяси ұстанымдар мен өзге мәдениеттің кері ықпалы әсерінен бұрмаланған тұстары да талданып, қоғамдағы әйел қызметінің табиғи болмысын құрметтейтін көшпелі дала мәдениеті қалыптастырған ұлттық құндылықтардың мән-маңызы тұжырымдалды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2025 · Т. 88, № 3, С. 237-247
- Язык
- Казахский
- Цитирований
- 1
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov