ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР
Мақалада қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер қарастырылды. Тәуелсіздік кезең әдебиетіндегі іргелі зерттеулерді салыстыра отырып, жекелеген ғалымдардың зерттеулері мен ұжымдық еңбектердің маңыздылығы көрсетілді. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістерді саралауда Ұ.Дәлейұлының «Хат бармайтын қыстақ», А.Рақыштың «Мұз үстіндегі қызғалдақ», Қ.Мүбарактың «От ару», Б.Сәрмекованың «Кейіпкер» әңгімелер жинақтары зерттеу нысанына алынды. Әңгіме жанрындағы көркемдік ізденістердің бір сарасы – тақырып жаңашылдығы болса, екінші парасы – формалық (түрлік) ерекшелік аясында байқалады. Қазіргі прозадағы көркемдік ізденістерді зерттеуде жас қаламгерлердің шығармалары іріктеп алынды. Қазіргі қазақ прозасындағы аңыз-әңгіме, мифтердің ықпалы анықталды. Қазіргі әңгімелердегі мазмұндық ізденістер аталған жазушылардың шығармаларынан көрінсе, Ұ.Дәлейұлы қазақ әдебиетіне тың оқиғалар мен тарихи тұлғаларды алып келуімен ерекшеленеді. Формалық ізденістер Қ.Мүбарактың мистикалық әңгімелері, ұлттық құндылықтар А.Рақыштың шығармалары, жалпыадамдық құндылықтар Б.Сәрмекованың әңгімелері арқылы тұжырымдалды. Қазіргі таңда әлем әдебиетінде қалыптасқан микрожанрды жазушылар микро-әңгімелерімен ұлттық әдебиетте орнықтыруда. Ақпараттық заманда оқырманның талабына сай қалыптасқан қысқа жазу үлгісі Қ.Мүбарак пен Б.Сәрмекованың жарты беттік, бір жарым беттік микро-әңгімелерінен көрініс тапқаны анықталды. Қазіргі әңгімелерде күнделікті өмірде мән бере бермейтін, жанымызда жүрген кішкентай ғана «қарапайым адамдар» көптеп кездесетіндігі нақты мысалдармен тиянақталды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2025 · Т. 88, № 3, С. 195-210
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov