БАҚЫТ БЕДЕЛХАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПЕН ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Бақыт Беделханұлының поэзиясы – ұлттық болмыс пен рухани ізденістің терең тоғысын айқын бейнелейтін көркемдік кеңістік. Ақын шығармашылығында тектілік мәселесі мен ұлттық сана негізгі тақырыптардың бірі ретінде көрінеді. Бұл тұрғыда ақын жырларынан қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен этнографиялық құндылықтарына деген терең құрмет байқалады. Беделханұлының өлеңдеріндегі жалғыздық – тәннің немесе физикалық болмыстың жалғыздығынан гөрі, рухани және экзистенциалды жалғыздық ретінде көркемдік сипат алады. Бұл поэтикалық жалғыздық ақынның қоғамнан оқшаулануын, рухани әлемге терең бойлауын және жаратылыс пен болмысты философиялық тұрғыдан пайымдауын аңғартады. Ақын шығармаларында гротеск пен мистикалық бейнелер молынан кездеседі. Бұл тәсілдер ақынның шындық пен қиял арасындағы шекараны жойып, поэтикалық кеңістікті кеңейтеді. Рухани бұлқыныс, тарихи жад пен таным, ұлттық тектіліктің жоғалуы – оның лирикасында когнитивтік эрозия ұғымы арқылы бейнеленеді. Тілдік-стильдік тұрғыдан алғанда Беделханұлы троптардың алуан түрін шебер қолданады, метафоралар, символдар мен аллюзиялар арқылы ішкі рухани тереңдікке жол ашады. Оның поэзиясындағы циклдік құрылым мен мазмұндық сабақтастық – шығармашылықтағы кәсіби кемелдіктің айғағы. Сонымен қатар ақын поэзиясынан эксперименттік ізденістер, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысын байқауға болады. Бұл зерттеу Беделханұлы поэзиясындағы жалғыздық концепциясын, рухани-дүниетанымдық мазмұнын және көркемдік әдістерін ғылыми-теориялық тұрғыдан талдай отырып, оның қазіргі қазақ әдебиетіндегі орнын нақтылауға бағытталған.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2025 · Т. 87, № 2, С. 185-196
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov