Central AsianResearch Index
Keruen2025

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДАҒЫ У.ШЕКСПИРДІҢ «ГАМЛЕТ» ЖӘНЕ «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ РЕЖИССЕРЛІК ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ

Бұл мақалада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған У.Шекспирдің «Гамлет» және Astana Musical театрындағы «Ромео мен Джульетта» трагедиясыныңсахналық көрінісі талданып, жан-жақты зерттелген. Астананың бас театрында «Гамлет» трагедиясын қойған режиссер Б.Ұзақовтың шығармаға жаңа қырынан үңіліп, Гамлет бейнесі арқылы бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді кеңінен қозғағаны талданды. Қойылымның идеясы, режиссерлік оқылымдағы ерекшеліктер анықталды. Сонымен қоса, Гамлет ролінде ойнаған Н.Өтеуіловтің кейіпкер бейнесін сомдауда психологиялық тереңдікке барып, аса сезімтал, әділетсіздікке қарсы тұра білетін өжет адамның мінезін жасаудағы ізденістері қарастырылды. Осы уақытқа дейін өзектілігін жоймай келе жатқан трагедияның қазақ актерлері үшін шеберлік шыңдаудың үлкен мектебіне айналғаны кеңінен сөз болды. Шекспирдің тағы бір классикалық шығармасы ерен даналықтың, махаббаттың биік мінберін көрсетіп, әлеуметтік үлкен мәселелерді қозғап, театр төрінен мәртебелі орын алған «Ромео мен Джульетта» туындысының Astana Musical театрында жарық көруі қазақ театр мәдениетіндегі елеулі оқиғаға айналды. Себебі, қазақ топырағында осы спектакль арқылы мюзикл театры шымылдығын ашты. Спектакль режиссері Асхат Маемиров қойылымның кілтін тауып, автор идеясын жеткізуде біршама шығармашылық ізденістерге барды. Қойылым Ж. Пресгюрвиктің 2001 жылы Францияда сахналаған мюзикліне сүйенгендіктен де, жас ұжымның актерлері өздерінің кәсіби шеберліктерімен көрермендер назарын бірден баурап әкетті. Орындаушылардың пластикалық икемділіктері мен вокальдық мүмкіндіктері өзара қабысып, спектакльдің поэтикалық бояуын қалыңдатып, аса серпінді жүруіне ықпал етті. Қойылым декорациясының ауқымдылығы актерлердің әрекет етуіне қиындық тудырмай барлығының көздеген мақсаттарына жетіп, орындарынан табылуы режиссердің тынымсыз еңбегінің жемісі екенін көрсетеді. Актерлердің де, режиссердің де, композитордың да осы мюзиклдың өтуіне атсалысқан барлық мамандардың кәсіби шеберліктері тұтас қамтылып, аталмыш қойылымның қазақ театр өнерінде елеулі жаңалық болғаны зерттелді. У. Шекспир туындыларын қазақ театр сахнасында көркемдік талаптар деңгейінде игерудің өз жалғасын тауып, шеберлік шыңдаудың үлкен мектебі болып қала беретіні «Гамлет» және «Ромео мен Джульетта» қойылымдарын талдау барысында анықталды.

Сведения

Журнал
Keruen
Опубликовано
2025 · Т. 86, № 1, С. 218-232
Язык
Казахский
ISSN
2078-8134 · 2790-7066
Издатель
Institute of Literature and Art named for M. Auezov