МАҢҒЫСТАУ ӨҢІРІ АҚЫНДЫҚ-ЖЫРАУЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Бұл мақалада Маңғыстау ақындық-жыраулық мектебінің зерттелуі, артына мол мұра қалдырып, ақындық дәстүрді дамытып, ақындық-жыраулық мектеп қалыптастырған Маңғыстау өңіріндегі сонау Сыпыра, Асан Қайғы, Өгізбай Малгелдіұлы жыраулардан басталған жыр көшінің үзілмей ауызша жеткізілуі, асыл сөздің құдіреті туралы айтылады. Маңғыстаудың ақын-жырауларының шәкірттері, шәкірттерінің ұстаз туындыларын ел арасына кеңінен насихаттап жүретіні, ақын-жыраулардың эпикалық, шежіре жырларды да шебер орындаушы екендігі, ақын-жырауларға ақындықтың қонуы, түс көруі, түсінде аян беру сияқты психологиялық үдеріс туралы да сөз болады. Абыл, Қалнияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сәттіғұл және тағы басқа ақын-жырау мұраларынан мысалдар алынып талданды. Маңғыстау өңірі жырауларының жырлаған ғұрыптық жырлары, оның ішінде «Тойбастар», беташар, бата, көңіл айту, жұбату, естірту, жоқтау, терме, арнау, толғау жанрының бәрінде дерлік кездесетіні, тақырыптары сипатталады. Ақындар жырлаған «Тойбастардың», бата жанрының, Маңғыстау өңірі ақын-жыраулары айтысының ерекшеліктері, ақын-жыраулар туындыларында ғасырлар бойы ел аузында халық даналығына, нақылға айналған қанатты оралымдар, Маңғыстау өңірі ақындары жырларындағы Махамбет дәстүрі, оның ішінде Абыл, Қалнияз ақындар жырларының Махамбетпен үндестігі, Маңғыстау ақын-жыраулар жыр-толғауларындағы Махамбет сарыны талданды. Жыраулар поэзиясында ақынның болмысын, асқақ рухын, ақындық «Менін» таныту үшін «мен» жіктеу есімдігінің функционалдық, жырдағы дейскистік қызметі де аталады. Маңғыстау ақындық, жыраулық мектебінің ерекшеліктері зерделенді. Ақын-жыраулар мұраларының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айқындауға ден қойылды. Мақаланың ғылыми-зерттеу нәтижелерін, түйінделген тұжырымдарын қазақ ақын-жырауларына, авторлық ауызша поэзияға қатысты зерттеу жұмыстарында талдап-таразылау барысында пайдалануға болады.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2024 · Т. 84, № 3, С. 261-286
- Язык
- Казахский
- Цитирований
- 1
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov