«АЛПАМЫС БАТЫР» ЖЫРЫНДАҒЫ КЕЙІПКЕРЛЕР ЖҮЙЕСІНІҢ ТИПОЛОГИЯСЫ (Түркі халықтары негізінде)
Түркі халықтарының ғасырлар бойы жадында сақтап, әр қайсысы ұзақ дәуірлерде өздерінің қоғамдық шаруашылығы, мәдениеті мен ғұрыптық ерекшеліктерін, діни-наным-сенімдерін сіңірген эпикалық эпосы – «Алпамыс батыр» жыры. Жыр туралы кеңестік дәуірден бастап қазақ және түркі ғалымдары арасында жырдың тарихилығы, генезисі, зерттелуі, түркі халықтары арасындағы сабақтастығы туралы ғылыми мақалалар, монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалды. Алайда, батырлық эпостың түркі халықтарындағы ортақ типологиялық мәселелері толық қарастырмаған. Мақалада Алпамыс батырдың қазақ, қарақалпақ (Алпамыс), өзбек (Алпомиш) халықтарының жыр нұсқалары, башқұрт (Алпамыш пенен Барсынһылу), татарлардың (Алыпмамшан) ертегілік нұсқалары және алтайлықтардың мифтік аңызымен (Алып-Манаш) қатар, оғыз нұсқасындағы (Байбөріұлы Бәмсі-Байрақ) кейіпкерлер бейнесі типологиялық тұрғыдан салыстырылды. Аталған жеті нұсқада оқиға барысы бойынша кездесетін кейіпкерлер бейнесі, жер-су атаулары, уақыт өлшемдері т.б. деталдар нақты әрі түсінікті болу үшін кестелік сызба бойынша берілді. Түркі халықтарына ортақ қаһармандық эпос Алпамыс жырын типологиялық салыстырудың нәтижесінде түркі елдері арасындағы жыр (не ертегі, миф) нұсқаларының ортақ тұстары мен өзіндік ерекшеліктері айқындалды. Яғни, қазақ, қарақалпақ, өзбек жырларындағы ішкі сюжет, кейіпкерлер образы, оқиға мазмұны жалпы жағынан ұқсас болып келеді және олардың түп төркіні «Қорқыт ата» кітабындағы «Бәмсі-Байрақ» жырынан бастау алатыны салыстыру барысында ғылыми негізде дәлелденді. Сонымен қатар зерттеуші ғалымдардың түрлі болжамдарын қорыту барысында «Алпамыс» жырының Сыр өңірі бойында оғыздар арасында дүниеге келгені дәйектелді.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2024 · Т. 84, № 3, С. 152-168
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov