ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ МЕН АДАМ ТАҒДЫРЫ
Қазақ прозасында қазақ өмірімен тікелей тамырлас, кейіпкер деңгейіне көтерілген бірден бір жануар ол – жылқы малы. Әдебиетімізде халық ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, жылқы жануары туралы жазылған көркем шығармалар жетерлік. Олардың бәрін бір мақала төңірегінде қамту да мүмкін емес. І. Жансүгіровтың «Құлагер», Ғ. Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы», Ш. Айтматов «Қош бол, Гүлсары», Ә.Кекілбайдың «Бәйге торы», Т.Әлімқұловтың «Тұлпардың тағдыры», «Қош бол, Абсент», «Ақбоз ат», Қ. Жұмаділовтың «Сәйгүліктер», тәуелсіздік тұсында жазылған Н. Ораздың «Жылқының көз жасы», Н. Дәутай «Айғыркісі», Ж. Қайраңбайдың «Тұлпардың дүбірі», М. Мәжитовтың «Ат сейіс», С.Ибраимның «Ататоры» т.б. шығармаларында жылқының ойы, сезімі, түйгені, топшылауы арқылы өмір шындығы бейнеленіп, адам тағдыры мен жылқы тағдыры қатар өріледі. Адам мен жылқы тақырыбы қазақ прозасында ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеліп жазылған, иі қанған тақырып деп тұжырымдауға дәлел жеткілікті. Дегенмен, оның зерттеу нысанына алынып зерттелуі көңілге толымсыз. Мысалы, Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпардың дүбірі» деп аталған кітабы да осы қасиетті жануар туралы сөз етіледі. Тағдыр талқысымен бір қолдан екінші қолға көшіп, қайта-қайта сатыла берсе де, өзінің туған сонау қияндағы мекеніне жол тауып, қайта айналып келуден қажымайтын Күрең жорға – оқырман есінде сақталып қалатындай ұтымды образ. Оқиғаны қызықты етіп құруға да төселіп қалған жазушының бұл кітабы өз оқырмандарын таба алады деген сенімдеміз. Жылқының асыл қасиетін паш ететін Самат Ибраимның «Ататоры» әңгімесі де жылқы жануарына арналған. Жаугершілік заманда дұшпандардың қолына түсіп қалған Құттығай батырдың дүлдүлі елін аңсап, қашып жүріп, қазаға ұшырайды. Н.Ораздың «Жылқының көз жасы» әңгімесінде экологиялық апаттың салдары көркемдікпен баяндалып, жылқы жануарының ең соңғы талпынысы оқырман жүрегін еріксіз дір еткізіп, осы бір қасиетті жануардың табиғатын тағы бір қырынан аша түседі. Көшпенді халықтар өмірінде жылқы жануары қалайша ардақталса, әдебиетімізде адам тағдыры мен табиғатты егіздеуде бұл тақырып өзінің өзектілігін жоймайды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2024 · Т. 83, № 2, С. 225-235
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov