ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ МИФТІК, МИФОПОЭТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕРДІҢ АРҒЫ ТҮРКІ МИФТЕРМЕН ҮНДЕСТІГІ
Жамбыл Жабаев – қазақ руханиятын адамзаттық ақыл-ой кеңістігімен жалғастырған ұлы тұлға. Қазақ әдебиеттану ғылымында Жамбыл шығармашылығы біршама зерттеліп, шығармалары әр кезеңдерде жинақ түрінде шығарылғанымен, ғылыми тұрғыдан әлі де тереңдей қарастыратын тұстары да жетерлік. Бұл мақалада Жамбыл дүниетанымындағы сөздің киелілігі жайындағы мифтік түсінік көрінісі бүкіл шығармашылығының арқауына айналған Сүйінбай батасына табыну әрекеті арқылы ашылады. Мақаладағы зерттеу нысанына алынған «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» сияқты талданатын Жамбылдың поэмаларындағы мифтік, мифопоэтикалық үлгілердің арғы түркі мифтермен үндестігі арнайы сөз болмаған мәселе. Сондықтан «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр», «Көрұғлы» дастандарындағы мифтік ұғымдардың мифопоэтикалық болмысын арнайы қарастыру арқылы Жамбыл Жабаевтың ел қорғаны болған батырлардың бейнесін дәріптеуде көне замандардан келе жатқан мифтік жасампаз тұлғалармен сабақтастыратындығы айқындалды. Мақалада Өтеген батыр тумысындағы ерешеліктің көне мифтік мәні «ерекше туу» мотивімен сабақтас алынып, оның еуропалық таным-түсініктерден айырмашылығына назар аударылады. Ерекше болмысты ел қорғаушының өз жұртына жайлы қоныс іздеу оқиғасындағы «Жерұйық» мекенді іздеу сарыны Асанқайғының «Жерұйықты іздеу мотивімен» және сол тұстағы қазақтың қоғамдық-әлеуметтік даму жағдайларымен сабақтастықта қарастырылады. Реалды тарихи тұлғаны бейнелеудегі көне заманғы мифтік образдар мен мифопоэтикалық өлшемдердің көркемдік мағынасына, семантикасына ғылыми талдау жүргізіледі. Өтеген батырдың айдаһармен кездесуі, айдаһарды әбжыландар құрсауынан құтқаруындағы «жылан-тотем» ұғымындағы мифтік түсініктердің жыр поэтикасындағы мәні мен образ жасаудағы көркемдік сипаты талданады. Сондай-ақ, «Көрұғлы» дастанындағы «көрде туу» мотивінің көне заманғы жанның өлмейтіндігі туралы, екі дүниенің арақатысы, батырдың ерекше туылуы сияқты мифтік ұғымдармен байланысы ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырылады. Батырға көмекші мифтік образдар қатарындағы Ғайыперен образының түркілік, исламдық танымдағы сипаты сараланатындығы жайлы ғылыми зерделеулер алғаш рет тұжырымдалады. Екі ғасыр өмір кешкен Жамбыл Жабаевтың бойындағы ақындық, жыраулық, жыршылық талантының өзінде көне түркілік эпикалық дәстүрдің бөлекше болмысы оның көне заманмен кейінгі заман аралығындағы жалғастырушы ретіндегі тұлғасын айқындайды. Тілдік қолданыстардағы метафоралар мен ауыстырулардың да көне наным-сенімдік сипаты сараланды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2024 · Т. 82, № 1, С. 251-262
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov