АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР БЕЙНЕСІ: АБАЙҒА ДЕЙІНГІ КӨРКЕМДІК КӨЗҚАРАСТАРҒА САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ
Мақалада Абай поэзиясындағы қазақ әйелдерінің көркем бейнесі жан-жақты қарастырылады. Ақын сомдаған әйелдер бейнесінің типологиялық ерекшеліктерін айқындау мақсатында Абайға дейінгі авторлық ауыз әдебиеті өкілдері мен әнші-ақындар шығармашылығындағы әйел кейіпкерлер жайлы моральдық-психологиялық мазмұндағы өлеңдерге шолу жасалып, олардың көркемдік-эстетикалық, мазмұндық-идеялық функциялары айқындалады. Кемеңгер ақын Абайдың әйелдер бейнесін берудегі көркемдік шеберлігі Бұқар, Ақтамберді, Шәлгез, Шал ақын сынды жыраулар мен сал-серілер поэзиясының белді өкілі, Абайдың замандасы Ақан серінің әйел образын жасаудағы өзіндік ұстанымдарымен, ақындық дәстүрлерімен салыстырмалы талданады. Жалпы Абай лирикасындағы әйел бейнелерінің соншалықты күрделі, мейлінше көп қырлы екендігіне назар аударылады. Негізінен ұлттық поэзиядағы қазақ әйелдерінің бейнесі жайындағы көркемдік көзқарастар эволюциясын саралай келе, Абайға дейінгі әдеби шығармашылық дискурста контрасты қасиеттерге ие әйелдер бейнесінің үстемдік құрғанына көз жеткіземіз. Яғни, жыраулар мен әнші-ақындар шығармаларындағы әйелдер көбінесе жақсы-жаман әйел сипатындағы бинарлық оппозиция, сондай-ақ, сыртқы тән сұлулығы тұрғысынан суреттелді. Ал Абай қаламынан туған қазақ әйелдерінің бейнесінде олардың сыртқы портреті, мінез-құлық нормалары, киім киісі мен жүріс-тұрысынан бастап, психологиялық, эмоциялық көңіл-күйі мен ішкі рухани жан дүниесіне дейінгі тұтас әлемі ашылады. Абай қазақ әйелдерінің бойындағы ақыл, талант, мінез, сыртқы сұлулық пен ішкі дүниесінің үйлесімін қатар суреттей отырып, өз өмірін жаңаша құруға ұмтылатын, ерік-жігері мықты, этикалық, эстетикалық жағынан мінсіз әйел типтерінің галереясын жасады. Осындай идеал бейнелермен қатар Абай мінез-құлқы мен іс-әрекеттері жағынан ұнамсыз әйелдердің образдарын да реалистікпен бейнеледі. Сондай-ақ, мақалада Абай поэзиясындағы әйелдер бейнесі суреттелетін шығармалар сыртқы тән сұлулығын жырлайтын өлеңдері және олардың ішкі көңіл-күй толғаныстарын, сезім күйлерін ашып, психологиялық портретін көрсететін лирикалары мен мінез-құлық ерекшеліктерін, әдеп-ақлақтарын сипаттайтын туындылары болып шартты түрде үш топқа жіктеліп, әр тақырыптық топқа сай өлеңдер іріктелді. Сонымен қатар дәстүрлі әйел бейнесінің Абай шығармаларында ана, сүйген жар, дос, сұлу қыз, отанасы, махаббат музасы ретіндегі терең де күрделі, жұмбақ бейнеге айналу процесі нақты мәтіндер арқылы сараланды. Мақала «Абай поэзиясындағы қазақ әйелдерінің рухани әлемі (гендерлік поэтика негізінде)» атты докторлық диссертация аясында дайындалды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 77, № 4, С. 178-188
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov