XXI ғасырдағы классикалық қойылымдардың сахна тіліндегі жаңашылдығы
Көне ғасырлардан бері әсемдігі мен қажеттігін жоғалтпаған театр өнері бүгінгі таңда әралуан бағыттар мен түрлерді, жанрлар мен стильдерді өз табиғатына сіңіріп, заман талабына сай өзекті болуға тырысып келеді. Қазіргі театрлар заманауи авторлардың шығармаларына ғана қызыға бермей, классикалық туындыларды да көрермен назарына жаңаша тәсілдермен ұсынуды ұмытпайды. Режиссура кәсібіне көзқарастары өзгеше жас мамандардың классикалық туындылармен жұмыстарына назар салып қарар болсақ, жаңа қойылымдардың ең бірінші кезекте сахна тілін ерекше пайдаланатынын бірден аңғарамыз. Бұндай қойылымдарда артистер өздерінің қабілеттерін үйреншікті емес, жаңаша қырларынан көрсетуге, сездіріп қана қоймай, сендіруге тырысады. Әр актердің міндеті – сахналық образ жасау. Әрбір сахналық кейіпкердің жеке ойлау тәсілі бар. Ол адамның дүниетанымына, кәсіптік және әлеуметтік қатысына, оның білімі мен мәдениетінің деңгейіне, мінез ерекшеліктеріне және т.б. байланысты. Кейіпкердің ойлау тәсілі, өз кезегінде, оның сөйлеу мәнерінде – айтылуында, интонациялық дыбысында, сөйлеу темп-ритмінде өз көрінісін табуы керек. Мақалада сахналық сөйлеуді түсінудің дамуына тарихи шегініс жасалған. Зертеудің мақсаты – көркем сөздің отандық театр сахнасының сөйлеу мәдениетінің деңгейіне тигізетін әсерін айқындау. Зерттеудің негізгі міндеті – қазіргі таңдағы актерлік шеберлікте сөз энергетикасын пайдаланудың жолдарын қарастыру; заманауи театр үдерісіндегі актерлік өнердің даму ерекшеліктерін қарастыру. Зерттеуде қолданған эпистемологиялық, герменевтикалық, когнетивтік әдістердің арқасында театр өнері мен актерлік ойын туралы түсініктерді қарастырып, тақырыптың негізгі тұстарын айқындалады. Кәсіби сахналық сөйлеу әдістемесін қалыптастыру үдерісіндегі практикалық тәжірибе мен ғылыми әдістердің ролі талданады. К.С.Станиславский ашқан сөйлеу логикасының заңдылықтары сөйлемдегі үзілістерді, логикалық екпіндерді, сөйлеу интонациясын қою ережелерін белгілейді және актерге рольмен жұмыс істеуде дұрыс шешім табуға көмектеседі, оны өз бетінше шығармашылыққа ынталандырады. Анық сөйлеу, айшықты сөз, ашық үн, асқақ дауыс – актердің негізгі аспабы. Сол аспаптың құлақ күйін келтіріп, қажетті үнді, дауысты шығара білу көп даярлықты талап етеді. Артист қауымы үшін, соның ішінде драма актері үшін сахнадан дұрыс сөйлеу осы әріпті дұрыс айтудан басталатынғына тағы бір қайыра ден қоюды жадымызда ұстағанымыз абзал. Зерттеуде режиссер Н. Дубстың Республикалық Неміс театры сахнасындағы спектакльдеріне, режиссер Д. Жұмабайдың Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрындағы қойылымдарына, режиссер Ф. Молдағалидің Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы еңбектеріне зейін саламыз.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 76, № 3, С. 262-271
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov