САХНА ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Сахна өнері қазіргі қоғамның мәдени өмірінде ерекше маңызға ие болды. Сан-саланы бойына жиған синтездік өнердің бір тарауы ретінде актер шеберлігін көрсетудің ажырамас, ең маңызды бөлшегі - сахна тілін қарастыра аламыз. Барлығына мәлім, актерлік өнерде ең алдымен дауыстың маңызы зор. Саф өнер де дауыстың әдемі ырғағын, сөзді нақты әрі өрнекті жеткізе білуді талап етеді. Сөздің дұрыс жеткізілуімен актердің ойынының сапасы артады. Осы өнердің толыққанды қыр-сырын меңгеру және оны тәжірибеде сахна төрінде қолдана білу – кез келген актердің негізгі, ең қуатты шығармашылық қаруының бірі. Әлемдік және отандық театр тарихында сахнадағы ойдың негізгі тасымалдаушысы ретінде сахналық сөйлеу мәселесі әрқашан өте өткір болды. Сахна тілі мәселесі жөнінде қаншама «театр мектебінің» негізін салушылар және ізін жалғастырушылар толғанып, талдау жасап, ғылыми еңбектер жазғаны белгілі. Қазіргі білім беру саясаты мен тұжырымдамасы өзгерген, жаңашылдықты талап етеді. Соған сәйкес, сахна тілі мәселелері кеңінен қарастырылып, дикцияға қарасты сөйлеу техникасын дамыту әдістерінің мәселелеріне отандық және шетелдік ғалымдардың теориялық еңбектеріне хронологиялық кезеңдерді сақтай отырып сараптама жасалынды. Мақаланың мақсаты да - сахналық сөйлеу техникасын дамыту үшін қолданылатын әдістерді талдау. Ғылыми мақалада сахна тілінің басты тарауы дикцияға қарасты сөйлеу техникасын дамыту әдістерінің мәселелері көтерілді. Зерттеу барысында Станиславский К.С., Немирович-Данченко В.И., Кнебель М., Марков П.А., Васильев Ю.А., Альшиц Ю.Л. және отандық Тұранқұлова Д., Омарбаева М.С., Белжанова К., Жұмаш А.Ы. сынды т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, сөйлеу техникасы заманауи аспектілермен салыстырмалы түрде сараланып, талданды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 76, № 3, С. 232-240
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov