ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЗМ
Мақалада қазіргі қазақ поэзиясындағы психологизм мәселелері зерттеледі. Психологизм көркем шығармадағы адамның ішкі жан дүниесі мен сезімін, сырын айшықтайды. Психологизмнің поэзиядағы жиі кездесетін қырының бірі психологиялық параллелизм. Қазақ әдебиеттануында психологизмді поэзия мысалында зерттеулер өте аз. Өлеңдегі көркемдік құралдарды зерттеу мен олардың қызметін анықтауды психологизм аясында да қарастыру қажет. Әрбір өлең ақынның ішкі шығармашылық қуаты мен уақыт тынысын дөп беруімен маңызды. Ақынның азаматтық үні өмірге, қоғамға көзқарасын өзіндік стильмен көркем бейнелеп беруінен көрінеді. Ақын өлеңінен әлемнің, табиғаттың сұлу суретін көру көзі қарақты оқырманның рухани байлығын арттырады. Шығармашылығында жалпыадамзаттық құндылықтардың кең тынысты танымын бере алған ақын кейіпкер жан-дүниесін жан-жақты терең ашып көрсете алады. Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде өмірдің сан салалы белесінде, тағдырдың сан қырлы сынағында адамның ішкі рухани әлемінің кемел бейнесін сомдау қаламгердің шеберлігін танытады. Поэзияда лирикалық қаһарманның ойы, толғанысы оқырман тарапынан шынайы бағаланады. Өлеңдегі образдан өзін танып жататын кездері де болады. Сондықтан поэзиядағы кейіпкердің, лирикалық қаһарманның ішкі жан сырын, рухани әлемін психологизм аясында зерттеудің мәні зор. Өмірден көргенін, айналасындағы қоғамның әр қилы сипатын өз танымының елегінен өткізіп, оны шығармасында әсем жеткізу амалдары мен әдістерін лайықты орнында қолдану арқылы өнер тудыру ақынның асыл арманы, алға қойған мақсаты болуы керек. Өнерді өмірден алып, өмір үшін жазса да, өнер үшін жазса да бір шындықты жеткізудің түрлі жолдарын көрсеткен болады. Өмірдің иесі адам. Адамның ішкі күйі, сыртқы сипаты поэзияның басты нысаны. Кейіпкердің кемел мінез-құлқы мен сұлу сымбаты тамсануға лайық. Лирика осы қасиеттің рухани жаршысы. Себебі көркем бейне өмірден алынып, қиялмен өріліп беріледі. Лирикада кейіпкердің ішкі жан дүниесі, өмірінде орын алып, айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын танымдық қасиеті, мінез көрсетуі мен үн қатуы, сезімі сырлы сөзбен әсерлі бейнеленеді. Әсемдіктің қай категориясы болмасын өлең лебінен айқын аңғарылып тұрады. Өлеңнің эстетикалық құндылығы ақынның образ жасау шеберлігіне, кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін терең түсіне отырып суреттеуіне тікелей қатысты. Мақалада психологиялық параллелизм поэзиядағы психологизмнің басты қырларының бірі ретінде қазіргі қазақ ақындарының өлеңдері арқылы талданады.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 76, № 3, С. 161-172
- Язык
- Казахский
- Цитирований
- 1
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov