Жерлеу орындарындағы суреттердің сакралды семантикасы (Маңғыстау аймағы мысалында)
Құлпытастардағы жазбалардың сыры өте тереңде жатыр. Ғалымдар эпитафияның отаны Ежелгі Греция деп санайды. Терминнің өзі гректің ἐπιτάφιος (epitaphios) – «қабір үстіндегі» деген сөзінен шыққан. Бастапқыда соғыста опат болған жауынгердің басында айтылатын арнау сөздер кейін олардың қабір тастарына ойып жазылатын эпитафияларға айналды. Құлпытастарға марқұм туралы жазбалар қалдырып отыру – ежелгі Шумер, Вавилон, Парсы, Египет мәдениетінде де бар үрдіс. Ежелгі Мысыр перғауындарын жерлеген пирамидалардың ішкі қабырғасына қашалып жазылған «Пирамида мәтіндері», Орта патшалық кезіндегі саркофагтарға жазылған «Саркофаг мәтіндері», Жаңа патшалық кезеңінен Ежелгі Мысыр тарихына дейінгі жерлеу мәтіндерін қамтитын «Өлілер кітабы» - жазба мәдениеттің алғашқы баспалдағы болып табылады. Олай болса, адамзаттың жазуға деген сұранысы о дүние мен бұл дүниені байланыстыруға арналған қабір басындағы мәтіндерді туғызды. Түркілердің Білге қаған, Тоныкөк, Естеміс қаған тәрізді айтулы тұлғаларының құлпытастарында қашап қалдырған жазбалары эпитафия жанрының ең шырқау биігін танытса керек. Біздің мақаламыздың ерекшелігі сол, бұнда құлпытастар мен сағана, кереге там, кесене қабырғаларындағы суреттер де эпитафияға жатқызылып, киелі мәтін ретінде талданады. Мәтінге тән тақырып, ақпарат беру, хабар алмасу, тілдік және тілден тыс байланыс, таным, эмоция, экспрессия, тіпті адресат факторы да суреттердің сакралды болмысымен анықталады. Жерлеу орындарындағы суреттер туралы тарихи-этнографиялық, археологиялық зерттеулер бар, дегенмен қабірүсті суреттерді жүйелі мәтін ретінде қарастырып, әдеби-тілдік, танымдық аяда зерттеудің де қажеттілігі сөзсіз. Себебі қабірүстіндегі суреттер ерте замандардағы адамдардың мифологиялық таным-түсінігін, кейінгі замандағы қоғамдық ортаның тұрмыс-тіршілігін, өмір мен өлім туралы философиялық, діни көзқарастарын бейнелейтін тұтас мәтін деуге болады. Мақалада қазіргі әдебиеттану, мәтінтану ғылымында эпитафияға берілген анықтамаларға, эпитафияның жанрлық сипаты мен мәтіндік ерекшелігі туралы көзқарастарға талдау жасалынады. Ерте дүниедегі қабірүсті жазбалары мен сурет-бейнелері және кейінгі дәуірлердегі жерлеу орындарындағы суреттер (петроглифтер) салыстырылады, түркі халықтарына тән таным-түсінік, оның қазақ халқының салт-дәстүрінде сақталған іздері қабірүсті суреттері арқылы түсіндіріледі. Қабірүсті суреттері тұтас мәтін ретінде адресат факторымен байланысты қаралады.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 76, № 3, С. 61-76
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov