Ауызша әңгімелердің тақырыптық-идеялық және поэтикалық сипаты
Мақалада қазақ фольклорындағы ауызша әңгімелердің тақырыптық-мазмұндық жағынан жан-жақты талданып, прозалық фольклордың өзге түрлерінен ажыратылатын жанрлық сипатына тән сюжет пен композициялық құрылымының ерекшелігін таныту көзделді. Ауызша әңгіменің поэтикалық болмысындағы түрлі амал-тәсілдер сан алуан. Солардың қатарында мақал-мәтел, афоризмдер, теңеу, эпитет, метафора, қайталау, риторикалық сұрақтар, лирикалық шегініс, күлкі элементтері (юмор, сатира, ирония, сарказм, сондай-ақ диалог, төл сөз, диалектілік сөз қолданыстары, баяндау, уақыт пен кеңістік) мәселелеріне қатысты ғылыми тұжырымдар жасалды. Ауызша әңгімелерді жазып алу мен оның басылым түрлеріндегі ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі бір оқиғаның айтылу, таралу барысындағы басымдық иеленетін фольклорлық заңдылықтарға баса мән берілді. Бір әңгімешінің өзінен бірнеше қайтара жазып алу барысындағы байқалатын мысалы, композицияда, стильде өзгерістердің болуы, жекелеген детальдардың түсіп қалуы немесе жаңа эпизодтардың қосылуы сияқты жағдайлар ауызша әңгіменің фольклорлық сипатын айқындайтын белгі ретінде айқындалады. Ауызша фольклорлық әңгімелердің өмірбаяндық (автобиографиялық), тарихи және новеллалық түрлерінің жанрлық шарттылығы мен осы жанрлық түрлердің өзара сабақтастықтығын ғылыми негізде қарастыра отырып, әрбір жанрлық түрді құрайтын басты заңдылықтарына көңіл бөлінді. Қазақ халқының тыныс тіршілігіндегі әңгімешілдік дәстүр мен ондағы халықтың таным-түсінігі, салт-дәстүрі және ғасырлар бойғы қалыптасқан тұрмысы мен өмір сүру тәсіліне үлкен өзгеріс әкелген тарихи кезеңдер оқиғаларын бейнелейтін ауызша әңгімелер талдау нысанына алғаш рет ілігіп отыр. Бұл әңгімелер тақырыптық-идеялық, поэтикалық тұрғыдан талданып, сюжеттік негізі мен композициялық құрылымдық бөлшектерінің қызметі жіті талданды.
Сведения
- Журнал
- Keruen
- Опубликовано
- 2022 · Т. 76, № 3, С. 48-60
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2078-8134 · 2790-7066
- Издатель
- Institute of Literature and Art named for M. Auezov