Алтай қазақтарының рулық таңбаларына шолу
Көшпелі халықтар ерте заманнан бері таңба қолданғандығы туралы тарихи деректер көптеп кездеседі. Соның ішінде Түркі және Моңғол халықтары арасында ортақ мағынада қолданылып келген тамга, тамага, дамга сөздері нақты қай тілден шыққандығы белгісіз. «Таңба» туралы мәліметтер жазба деректер бойынша көне түркі тілінде tamγa немесе tamγačï түрінде ескерткіштердің жазба мәтіндерінде және парсыша, түрікше жазылған кейбір деректерде “belgü”, “tuγraγ (tuγra)”, “mühür”, “mör”, “tamγa”, “tavro”, “nişan” деген сөздер белгі, нышан мағынасында жазылған. «Тамга» ұғымы ерте заманнан бері тығыз қарым-қатынаста болған Түркі және Моңғол халықтары арасында әртүрлі немесе ұқсас қолданылған. Тарихи тұрғыдан алғанда, таңбаның қолданылуы әртүрлі даму кезеңдерінен өткені белгілі. Әсіресе, тас дәуірінің әртүрлі кезеңдерінде таңбалар мен белгілер нақты бір жерді, киелі мекендерді белгілеу және қару-жарақтар мен басқадай алуан түрлі заттарды меншіктеу мақсатында қолданылған. Алайда палеолит-неолит дәуірінде әлеуметтік ұйымдар айтарлықтай дамымаса да, таңбалар кеңінен қолданылды, бірақ оларды нақтылап анықтау үшін әлі де ғылыми зерттеулер қажет. Таңба қолдану дәстүрі өте ерте кезден басталғаны туралы мәліметтер археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде белгілі болуда. Осындай тарихи-археологиялық мәліметтерге сүйене отырып, көшпелі тайпалар арасында таңбалардың қолданысы қола дәуірінен, одан да ертерек басталған деген болжам жасауға болады. Дегенмен бүгінге дейін халықаралық зерттеулерде таңбаның қалыптасуы және қолданылу дәстүрі біршама зерттелсе де, көшпелі халықтардың арасындағы таңбаның қолданылуы және тарихы туралы жүргізілген зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Біз мақаламызда «таңба» туралы қысқаша ғылыми мәлімет бере келе, қазақ ру-тайпаларының маңыздылығы және Алтай қазақтарының белгі, таңба жүйесі туралы деректердегі мағлұматтарды ұсындық.
Сведения
- Журнал
- Archeology of Kazakhstan
- Опубликовано
- 2024 · № 3 (25), С. 262-273
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2663-6794 · 2789-4525
- Издатель
- INSTITUTE Archeology named A. Kh. Margulan