Ұзынкүнгей петроглифіндегі бақсылық сюжеті: (Оңтүстік-Шығыс Қазақстан)
Мақалада Ұзынкүнгей (Кетпен жотасының солтүстік беткейі) петроглифіндегі сюжеті аса күрделі, «Бақсының өрлеуі» деген атқа ие болған композиция қарастырылып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізіледі. Зерттеудің негізгі мақсаты жартас бетінен анықталған басты сюжет – бақсы бейнесіне ұқсас антропоморфты суретке талдау жасау. Жұмыста Қазақстанның және Орталық Азия петроглифтерінде кездесетін зооантропоморфты бейнелер семантикасы бойынша зерттеулер сарапталды. Салыстырмалы стилистикалық сипаттамасы жасалды, ескерткіштің салыстырмалы мерзімі анықталды. Зерттеу барысында тастағы суреттер басты кейіпкер шаманның ғұрыптық рәсімді өткізу процесін көрсететінін дәлелдейтін археологиялық және этнографиялық материалдар, ғылыми дәлелдер мен мысалдар пайдаланылды. Композицияның күрделілігі онда жоғарғы, орта және төменгі әлем картинасын тұтас мазмұндайтын жануарлар (бұғы, арқар, қасқыр) мен антропоморфты бейнелердің (біреуі зооантропоморфты, екеуі антропоморфты) болуы. Басты кейіпкер қолында заттары бар, өзіндік ерекше бас киімі және құйрығы бар, ұзын құйрықты қасқыр үстінде бейнеленген. Қызықтысы (көңіл аударуға тұрарлығы) композицияның келесі екі элементі болып табылады. Бұл екі антропоморфты сұлбадан әрқайсысы қолында қандай да бір зат ұстаған, аяқтарын аздап тізесінен бүгіп тұрған адамның өрге ұмтылып, секіру қимылын байқауға болады, жаңа деңгейге ұмтылуы болуы да мүмкін. Осы үш фигура композицияның ойын ашуға, негізгі кейіпкердің бейнесін және оның іс-қимылын, оның қалыптасу процесін түсінуге көмектеседі. Композициядағы петроглифтердің бір уақытта бәдізделгені даусыз, оны палимпсестің болмауы және кейінгі кезеңдерде жаңартылмағыны дәлелдейді. Сондай-ақ, тас бетінің патинасы мен барлық петроглифердің күңгірттенуі біркелкі және қола дәуірінің мәнеріне жақын.
Сведения
- Журнал
- Archeology of Kazakhstan
- Опубликовано
- 2023 · № 2 (20), С. 148-165
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2663-6794 · 2789-4525
- Издатель
- INSTITUTE Archeology named A. Kh. Margulan