Central AsianResearch Index

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДЕГІ АЛАШ ОРДА: ХАНЗАДА АРАЛДАРЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ МӘСЕЛЕСІ

Кіріспе. Мақала Азамат соғысы кезеңіндегі Алаш Орда үкіметінің халықаралық саяси үдерістерге қатысуын және қазақ ұлттық қозғалысының 1919 жылғы Ханзада (Принц) аралдарындағы кеңеске қатысты ұстанымын зерттеуге арналған. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі назарында Ресей империясының ыдырауы және Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаңа халықаралық қатынастар жүйесінің қалыптасуы жағдайында Алаш Республикасының тәуелсіздігін халықаралық деңгейде мойындатуға бағытталған Алаш Орда жетекшілерінің дипломатиялық бастамалары тұр. Материалдар мен әдістер. Зерттеу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнайы мемлекеттік архивінің құпиясыздандырылған құжаттарына, Жапония Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саяси тарих архивінің материалдарына, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы қазақ және орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдарға, әсіресе «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінің жарияланымдарына негізделген. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, деректанулық және контекстік талдау әдістері қолданылды. Нәтижелер. Мақалада Антанта мемлекеттерінің бастамасымен постимпериялық Ресейдегі саяси дағдарысты реттеу мақсатында шақырылған Ханзада аралдарындағы кеңестің халықаралық контексі қарастырылады. Алаш Орда өкілдерінің большевиктердің халықаралық келіссөздерге қатысуына қарсы көзқарастарының себептері және қазақ саяси элитасының Ресей аумағында әрекет еткен әртүрлі үкіметтердің заңдылығына қатысты ұстанымы талданады. Архивтік құжаттар негізінде 1919 жылдың басында Владивосток қаласында Алаш Орда өкілдерінің Жапония, АҚШ және Чехословакия дипломатиялық миссияларымен жүргізген келіссөздері зерттеледі. Алаш Орда басшылығының халықаралық жағдайды пайдалана отырып, дипломатиялық қолдау алуға және қазақ мәселесін Париж бейбіт конференциясының күн тәртібіне енгізуге ұмтылғаны көрсетіледі. Қорытынды. Зерттеу нәтижелері Алаш Орданың сыртқы саяси қызметі ұлттық мемлекеттілік қалыптастыру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі болғанын және қазақ зиялыларының болашақ Алаш мемлекеттілігін халықаралық қатынастар жүйесіне енгізуге ұмтылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар жаңа архивтік деректер Алаш Орданың ХХ ғасыр басындағы халықаралық саясаттағы рөлін қайта пайымдауға және Еуразия кеңістігіндегі постимпериялық ұлттық мемлекеттердің қалыптасу үдерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 13, № 5
Язык
Казахский
ISSN
2710-3994 · 3135-8055
Издатель
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology