Central AsianResearch Index

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҮЙЛЕНУ ҒҰРЫПТАРЫ: ДӘСТҮРДІҢ САҚТАЛУЫ ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Кіріспе. Орталық Қазақстан қазақтары арасында нарықтық экономика мен урбанизацияның дәстүрлі үйлену ғұрыптарына әсер ету деңгейін зерттеудің аймақтық этнография үшін маңызы зор. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде үйлену дәстүрлері әрқашан маңызды әлеуметтік-мәдени институттың қызметін атқарып келеді. Бұл рәсімдер қазақ қоғамында екі жастың некесін заңдастырудың ғана емес, сонымен бірге екі әулеттің туыстық байланысын нығайтудың, қоғамдық қатынастарды реттеудің құралы болды. Қазіргі таңда дәстүрлі үйлену ғұрыптарының түпкі мәні сақталып, мазмұны мен атқарылуы замануи сипат алып отырған тұстары бар. Мақаланың мақсаты – Орталық Қазақстан өңірі бойынша жиналған далалық этнографиялық материалдарға сүйене отырып, жергілікті қазақтардың үйлену ғұрыптарындағы дәстүрдің ұстану деңгейі мен аймақтық ерекшеліктерін талдау. Зерттеу міндеттері: нарықтық экономика мен қалалану үрдісінің үйлену ғұрыптарындағы дәстүрдің сақталуына әсерін зерделеу; үйлену ғұрыптарындағы дәстүрлі ережелер мен заманауи инновациялық элементтерін анықтау; аймақтық ерекшеліктерді көрсету. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Орталық Қазақстанда үйлену дәстүрлері өзіндік аймақтық ерекшеліктері бар дәстүрлі мәдениет пен заманауи үрдістедің тоғысында жүзеге асуда. Зерттеліп отырған аймақтың ауылдық жерлерінде дәстүрлі рәсімдер басымырақ орын алса, қала тұрғындары арасында дәстүрлі рәсімдер өзінің түпкі мәнін сақтай отырып, заман табалына сай икемделіп атқарылып жүр. Үйлену дәстүрлеріндегі жөн-жоралғылардың жасалуына экономикалық факторлар да өз әсерін тигізуде. Той шығынының артуы кейбір салттардың қысқарып, ықшамдалған түрге көшуіне себеп болып отыр. Ғылыми жаңалығы: отандық және шетелдік зерттеулердегі үйлену ғұрыптарына қатысты тұжырымдар негізінде аймақтың этнографиялық ерекшелігі сараланды. Жинақталған далалық этнографиялық материалдар (ДМ, 2025-2026) негізінде Орталық Қазақстан қазақтарының үйлену ғұрыптарындағы дәстүр мен неодәстүрлер кешенді түрде айқындалды. Қорытынды: Жүргізілген зерттеу Орталық Қазақстан өңірі қазақтарының үйлену рәсімдерін орындаудағы дәстүрді ұстану деңгейі мен аймақтық ерекшеліктерін айқындауға және қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму мен қалалану үрдісі жағдайында дәстүрдің сақталуы мен олардың заман талабына сай өзгерген тұстарын анықтауға мүмкіндік берді.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 13, № 4, С. 1193-1204
Язык
Казахский
ISSN
2710-3994 · 3135-8055
Издатель
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology