Central AsianResearch Index

ҚАРАҒАНДЫ ЖӘНЕ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ НЕКЕ ТҰРАҚСЫЗДЫҒЫНА ЭТНОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ

Г. Ерғали, А. Б. Қалыш, А. И. Исаева

Кіріспе. Қазіргі таңда отбасы-неке қатынастарының тұрақтылықтан ажырауы, некені бұзудың үдерістері мен себептерін зерттеу әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, соның ішінде этнология үшін ерекше өзектілікке ие болып отыр. Тұрақсыз некелердің жай-күйі мен факторларын зерделеудегі пәнаралық тәсіл олардың кешенді табиғатын ашуға және оның этноәлеуметтік салдарын айқындауға мүмкіндік береді. Қазақстандық қоғамның трансформациясы жағдайында дәстүрлі құндылық ұстанымдарының, отбасылық стратегиялар мен туыстық қатынас үлгілерінің өзгеруімен қатар, неке тұрақсыздығын талдау күнделікті этномәдени құбылыстар мен заманауи әлеуметтік-экономикалық жағдайларды да ескеруді талап етеді. Мақаланың мақсаты – ресми статистикалық деректер мен ел арасынан жиналған этнологиялық материалдарға сүйене отырып Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы қазақтар арасындағы неке тұрақсыздығының сипаттамалары мен факторларын анықтау және талдау. Зерттеу міндеттері: неке тұрақсыздығына алып келетін негізгі себептер мен алғышарттарды айқындау; өңірдегі отбасылық-некелік қатынастардың тұрақтылығы мен қақтығыстылығының даму қарқынын талдау; ауылдық ортадағы некенің ыдырауына ықпал ететін маңызды себептерді анықтау; дәстүрлі ережелер мен заманауи инновациялық үдерістердің ажырасу процестерінің сипатына ықпалын салыстырмалы түрде зерделеу. Зерттеу нәтижелері: некенің бұзылу ықтималдығы негізінен халқы бір ұлттан құралған ауылдық ортаға қарағанда, көпэтностық қалалық ортада едәуір жоғары екені анықталды. Отбасылық-некелік қатынастарының әлсіреуі нарықтық экономика, урбанизация, гендерлік факторлар, жастардың өмірлік ұстанымдарының өзгеруі секілді жалпы республикалық үрдістер аясында байқалады. Аймақтағы неке тұрақтылығына отбасы құрамында аға буын өкілдерінің болуы, ағайын-туыстарымен байланыста болуы, сондай-ақ құдандалық қатынастардың белсенділігі неке тұрақтылығына елеулі ықпалын тигізеді. Ғылыми жаңалығы: ресми статистикалық, сондай-ақ этнологиялық мәліметтерді байланыстыра талдау арқылы аймақтағы неке тұрақсыздығының жай-күйі мен ерекшеліктері анықталады. Қорытынды. Жүргізілген зерттеу Қарағанды және Ұлытау облыстарының қалалық және ауылдық жерлеріндегі қазақтардың отбасы-некелік қатынастарының тұрақтану және әлсіреу үрдістерін объективті талдауға, аталған үрдістерге ықпал етуші факторларды айқындауға және олардың қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайындағы этномәдени ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.

Сведения

Журнал
Otan tarikhy
Опубликовано
2026 · Т. 30, № 3
Язык
Казахский
ISSN
2788-9718
Издатель
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology