ТҮРКИЯ–ҚАЗАҚСТАН ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ЖҰМСАҚ КҮШ ПЕН ЭТНИКАЛЫҚ СӘЙКЕСТІК ЫҚПАЛЫ
Кіріспе. Мақала мазмұнында Түркия мен Қазақстан арасындағы интеграциялық байланыстарды нығайту бағыттарындағы жұмсақ күш пен этникалық сәйкестік факторлары зерттеледі. Түркі тілдес мемлекеттері ұйымдарының бүгінгі ынтымақтастығының негізі ретінде ортақ тарихы мен мәдениеті қарастырылады. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты Түркия мен Қазақстан арасындағы интегрциялық байланыстардың қазіргі кезеңін талдау арқылы осы үдерістегі «жұмсақ күш» пен этникалық сәйкестігін ғылыми тұрғыда негіздеп, халықаралық ұйымдардың және ұлттық институттар мен үкіметтік бағдарламалар аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтап, экономикалық, мәдени және білім беру байланыстарының даму бағыттарын зерттеу міндеті қойылды. Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысында сапалық және сандық әдістер қолданылды. Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени байланыстарына, халықаралық институттардың құжаттарына деректанулық және сараптамалық талдау әдісі жүргізіліп, түркі тілдес мемлекеттердің экономикалық көрсеткіштеріне статистикалық талдау арқылы интеграциялық үдерістердің оң әсері сарапталды. Нәтижелері. Зерттеу нәтижелері Қазақстан мен Түркияның интеграциялық байланыстарының экономикалық және мәдени ынтымақтастығының жүйелі дамуын көрсетті. Осы байланыстардың негізі ТҮРКСОЙ және түркі мемлекеттер ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың қызметі аясында нығая түскені айқындалды. Бауырлас екі елдің саясатындағы жұмсақ күшті талдау арқылы өзара түсіністікті нығайтудағы ортақ мәдени және тарихи құндылықтарды нығайту бағыттары анықталды. Экономикалық ынтымақтастықтың оң әсері байқалуымен қатар, сауда қатынастарында географиялық алшақтыққа байланысты түйіткілді мәселелердің де жоқ еместігі аңғарылды. Осындай бірқатар күрделі жағдайларға қарамастан Халықаралық Түркі Академиясының қызметі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім беру бастамалары өзара интеграциялық үдерістерді нығайтуға ықпал етеді. Қорытынды. Зерттеудің стратегиялық маңыздылығы алынған деректерді түркі тілдес мемлекеттердің мәдени және экономикалық интеграциялық бағыттарын жетілдіру мақсатында қолдану мүмкіндігімен және аймақтық ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін ғылыми-тәжірибелік негіз қалыптастырады.
Сведения
- Журнал
- Otan tarikhy
- Опубликовано
- 2026 · Т. 30, № 3
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2788-9718
- Издатель
- Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology