Central AsianResearch Index

1925–1933-ЖЫЛДАРДАҒЫ «КІШІ ҚАЗАН» НАУҚАНДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС ӨҢІРЛЕРІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУ ТАРИХЫ: АРХИВТІК ДЕРЕККӨЗДЕРГЕ ШОЛУ

Кіріспе. «Кіші Қазан» науқандарының Шығыс Қазақстанда жүргізілуі тарихына қатысты дереккөздер ретінде Абай облысының мемлекеттік архивінің қорларына шолу жасалды. Сонымен қатар халықаралық, республикалық архивтік қорлар негізінде дайындалған құжатты жинақтардағы еліміздің шығыс өңіріндегі «Кіші Қазан» науқанына қатысты құжаттар негізге алынды. Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Қазақстанның шығыс аумағында жүргізілген «Кіші Қазан» революциялық доктринасының алғышарттары мен барысын зерттеу. Голощекиндік биліктің атқарушы, заң шығарушы, жазалаушы органдары мен жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасын анықтау. Қазақ ауылдарын «жат элементтерден», «ойы мен ниеті бөтендерден» тазалау, сайлауға қатысу және дауыс беру құқықтарынан айыру механизмін архив деректері негізінде көрсету. Семей өңіріндегі байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу, түрлі алым-салықтр жинау барысында орын алған асыру сілтеушіліктерді Мәскеу тарапынан тексерудің барысын зерделеу. Зерттеушілер назарынан тыс қалып келген облыстық, республикалық архивтердің деректерін ғылыми айналымға енгізу. Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысында жалпы тарихи әдістер – тарихи талдау, тарихи салыстырмалы талдау және жинақтау әдістері қолданылды. Аталған әдістерді қолдану барысында салыстырмалы талдау және ғылыми әдістердің барысын талдау, сипаттама жасау және түсініктер беру тәсілдері арқылы көрсетілді. Нәтижелер. Зерттеу жұмысында Абай облысының мемлекеттік архивіндегі Семей округтік Бақылау комиссиясы мен Жұмысшы-Шаруа инспекциясының, Семей округтік прокурорының және т. б. архивтік қорларындағы «Кіші Қазан» доктринасына қатысты құжаттар алғаш рет жарыққа шығарылды. Кеңестік билік органдарының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси науқандарды жүзеге асыруы жайлы баяндалды. Аталған үдерістің мәжбүрлеу, күштеу негізінде жүргізілгендігін деректер мен зерттеу еңбектер көрсетеді. Сталиндік-голощекиндік билік қазақ даласындағы ғасырлар бойы қалыптасқан құрылымды түбегейлі өзгертуді қолға алды. Алға қойған мақсаттарына қол жеткізді. Архив деректері 1925–1933-жылдардағы саяси дағдарыстар мен партия саясатының бетбұрыстары кезеңінде тәртіптік бақылауды күшейте отырып, күштеу, мәжбүрлеу, бұлтартпау шараларын жан-жақты жүргізгендігі айқындалды. Сонымен қатар облыстық, республикалық мемлекеттік архивтер мен архив құжаттары жарияланған жинақтардың деректері большевиктік биліктің бақылаушы органдарының жергілікті халық пен билік арасындағы коммуникацияны қамтамасыз етудегі рөлін көрсетеді. Тәркілеу, жер аудару, ұжымдастыру, қазақ ауылын отырықшыландыру (седентаризация), сайлау құқығынан айыру және т. б. мәжбүрлеу науқандарымен қатар астық, мақта, жүн, ет дайындау, өзін-өзі салық, алымдар жинау сияқты науқандарының асқан қатігездікпен жүзеге асырылуы жайлы баяндалады. Жергілікті орындардағы науқандарды жүзеге асыру барысында билік органдары қабылдаған қарарларда «артта қалған», «көшпелі өмір сүрген», «байлардың ықпалында жүрген» қазақ халқын ояту қажеттігі тұрақты түрде айтылып тұрды. «Сәдуақасов айтқан «жуас байлар» көрінбейді» деп келеке етті. Қорытындылар. Қазақстанның шығыс аумағындағы «Кіші Қазан» революциялық доктринасы негізінде жүргізілген науқандар большевиктік биліктің қуғындау шараларының құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асырылды.

Сведения

Журнал
Otan tarikhy
Опубликовано
2026 · Т. 30, № 3
Язык
Казахский
ISSN
2788-9718
Издатель
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology