ХХ ҒАСЫР БАСЫНДА ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІНДЕГІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ, ЖАҢАША ТЕНДЕНЦИЯ, ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР
Кіріспе. Мақалада 1917 жылға дейінгі Ресей империясындағы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен эволюциясының негізгі кезеңдері қарастырылады. Білім беру саясатының ерекшеліктері, оқу орындарының құрылымы, діни және әлеуметтік факторлардың білімге қол жеткізуге әсері қамтылған. XVIII–XIX ғасырлардағы реформалардың ХХ ғасырдағы білім беруді модернизациялаудың алғышарттарын қалыптастырудағы рөлі талданып, «трансформация» мен «тенденция» ұғымдары теориялық негіз ретінде алына отырып, негізгі бөлімде революцияға дейінгі Қазақстан аумағында білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы интеграциялық тұрғыда қарастырылады; дәстүрлі оқыту нысандары, исламдық институттардың ықпалы, қазақ зиялыларының (алашордалықтардың) реформалық қызметі және отаршыл әкімшіліктің зайырлы білім беруді енгізу саясаты кешенді түрде талданады. Мақсаты мен міндеттері. 1917 жылға дейінгі Ресей империясы құрамындағы Қазақстан аумағында білім беру жүйесінің қалыптасуы мен эволюциясын тарихи-теориялық тұрғыдан кешенді талдау, дәстүрлі (исламдық), зайырлы және отарлық білім беру модельдерінің өзара ықпалдасу тетіктерін анықтау, сондай-ақ осы үдерістердің ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына тигізген әсерін ғылыми тұрғыдан негіздеу. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында тарихи дереккөздердің кең ауқымы пайдаланылды: мұрағаттық құжаттар, ресми статистикалық материалдар, патшалық Ресей кезеңіндегі заңнамалық актілер, ағартушылық сипаттағы еңбектер, қазақ зиялыларының публицистикалық мұралары, сондай-ақ отандық және шетелдік тарихшылардың ғылыми зерттеулері қаралды. Әдіснамалық негізін тарихи-салыстырмалы талдау, құрылымдық-жүйелік әдіс, деректанулық сараптама, тарихи-логикалық талдау, проблемалық-хронологиялық тәсілдер құрады. Зерттеу нәтижелері. Қазақстан аумағындағы білім беру жүйесі көпдеңгейлі және қайшылықты сипатта дамып, дәстүрлі исламдық білім беру рухани-этикалық құндылықтарды сақтағанымен, әдістемелік тұрғыдан консервативті модель ретінде қалыптасты, ал зайырлы білім беру институттары отарлық саясатпен сабақтас болса да, қазақ қоғамына ғылыми білімге қол жеткізу, кәсіби даярлық пен әлеуметтік мобильділік мүмкіндігін ашты. Қорытынды. Зерттеу нәтижелері революцияға дейінгі кезеңдегі білім беру жүйесінің дамуы Қазақстандағы ұлттық білім беру моделінің тарихи негізін қалыптастырғанын көрсетеді. Бұл кезең дәстүрлі діни білім беру формаларынан институционалдық, жүйеленген, зайырлы білім беру құрылымына өтудің өтпелі сатысы болды. Білім беру трансформациясы қазақ қоғамының мәдени жаңғыруының, ұлттық сананың оянуының және интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуының маңызды алғышартына айналды. Бұл үдеріс кейінгі кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі білім беру жүйесінің дамуына тікелей ықпал еткен тарихи-өркениеттік негіз ретінде бағаланады.
Сведения
- Журнал
- Otan tarikhy
- Опубликовано
- 2026 · Т. 30, № 3
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2788-9718
- Издатель
- Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology