Central AsianResearch Index

ЧЕХИЯ МЕН СЛОВАКИЯ ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БЕЙНЕСІ: МӘДЕНИЕТ, ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ АЛАШ ОРДА

Кіріспе. Бұл мақалада Қазақстан, Чехия және Словакия архивтері мен кітапханаларынан табылған жаңа тарихи құжаттар талданып, ғылыми тұрғыдан сараланады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнайы архиві, Ресей Федерациясы Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архиві, Жапония Сыртқы істер министрлігінің архиві материалдары, қарастырылып отырған кезең оқиғаларына тікелей қатысушылардың естеліктері, сондай-ақ соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген ХХ ғасыр басындағы қазақ және шетелдік (француз) мерзімді баспасөз материалдары бар. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақ өлкесі аумағында болған чех және словак әскери тұтқындарының тарихын зерттеу, сондай-ақ Азамат соғысы кезеңіндегі Чехословак корпусы мен Алаш Орда үкіметі арасындағы өзара қатынастарды талдау. Зерттеудің негізгі міндеттері жаңа тарихи дереккөздерді анықтау, Чехословак легионы мен Алаш Орда үкіметі арасындағы өзара іс-қимылдың сипатын қайта құрастыру, сондай-ақ бұл байланыстардың 1918-1920 жылдардағы әскери-саяси үдерістердегі рөлін айқындау болып табылады. Материалдар мен әдістер. Зерттеудің деректік негізін Қазақстан, Ресей, Чехия, Словакия және Жапония архивтерінің құжаттары, ХХ ғасыр басындағы мерзімді баспасөз материалдары, оқиғаларға қатысушылардың мемуарлық куәліктері құрайды. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, проблемалық-хронологиялық және деректанулық әдістер қолданылды. Нәтижелері. Зерттеу нәтижесінде Ресей империясының далалық облыстарында болған чех және словак әскери тұтқындарының едәуір бөлігі жергілікті қазақ халқымен тығыз қарым-қатынаста болғаны анықталды. Чехословак корпусы құрылғаннан кейін және 1918 жылғы мамырда Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс бастаған соң, корпус пен Алаш Орда үкіметі арасында одақтастық сипаттағы қатынастар қалыптасқаны көрсетілді. Чехословак легионы казак әскери құрамаларымен, башқұрт және алашордалық әскери бөлімдермен бірлесіп, Орал, Еділ бойы, Сібір және Қиыр Шығыс өңірлерін, сондай-ақ Алаш Республикасының Ақмола, Семей және Орал облыстарын Кеңес билігінен азат етуге қатысты. Сонымен қатар 2025 жылы Чехия мен Словакия архивтерінен табылған жаңа құжаттар негізінде Чехословак корпусы мен Алаш Орда үкіметі арасындағы әскери-саяси ынтымақтастықты дәлелдейтін тың деректер анықталды. Қорытынды. Зерттеу нәтижелері Азамат соғысы кезеңінде Алаш Орда үкіметі мен Чехословак корпусы арасында тұрақты саяси және әскери-техникалық байланыстар болғанын растайды. Ғылыми айналымға енгізілген жаңа архивтік материалдар Алаш Орданың халықаралық байланыстары мен бұрынғы Ресей империясы аумағындағы антибольшевиктік қозғалысқа қатысуы туралы түсініктерді едәуір толықтырады. Алынған нәтижелер ХХ ғасыр басындағы қазақ-чехословак қатынастарын және Алаш Орданың Азамат соғысы кезеңіндегі халықаралық саяси үдерістердегі орнын одан әрі зерттеуге негіз қалайды.

Сведения

Журнал
Otan tarikhy
Опубликовано
2026 · Т. 30, № 3
Язык
Казахский
ISSN
2788-9718
Издатель
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology