Central AsianResearch Index

Топырақ өңдеу жүйелеріне байланысты топырақтың физикалық қасиеттерінің өзгерісі

Түйін Алғышарттар мен мақсат. Әлемдік егіншілік тәжірибесінде топырақ-ресурыс үнемдейтін, топырақ өңдеу және егу жүйесі (тікелей себу, минималды өңдеу жүйесі) – топырақты аз өңдеуге негізделген әдіс ретінде 1 гектарға жұмсалатын энергия мен қаржылық шығындарды азайтудың, сондай-ақ көмірқышқыл газы шығарындыларын төмендетудің тимді тәсілі ретінде қарастырылады [1]. Зерттеу жұмысы Солтүстік Қазақстанның құрғақшылық аймағында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру кезінде топырақтың физикалық қасиеттеріне әртүрлі топырақ өңдеу жүйелерінің әсерін зерттеуге бағытталды. Зерттеу жұмысының мақсаты әртүрлі топырақ өңдеу жүйелерінің топырақтың физикалық қасиеттерінің өзгерісіне әсерін анықтау. Материялдар мен әдістер. Танаптық зерттеулер А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы ЖШС-ның көп жылдық стационарлық тәжірибелік танабының ауыр құмбалшықты карбонатты оңтүстік қара топырақтарында жүргізілді. Егістік жердің координаты 51°35'19.8"N 71°03'11.2"E. Зерттеу нысандарында топырақтың тығыздылығын, агрегаттық құрамын және суға төзімділігін анықтау үшін жалпы қолданыстағы әдістемелер бойынша әрбір тереңдіктен топырақ үлгілері алынды және зертханаға әкелінді. Нәтижелер. Мақалада карбонатты оңтүстік қара топырақтарды игеру және ұтымды пайдалану мақсатында жаздық бидайды ауысымсыз (Бессменный) өсіру кезінде топырақ өңдеудің үш (дәстүрлі, минималды және тікелей себу) түрлі тәсілі салыстырмалы зерттелді. Зерттеу барысында минималды өңдеу және тікелей себу технологияларын ұзақ уақыт қолданғанда топырақтың физикалық қасиеттеріне оң әсер ететіні анықталды. Қорытынды. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, механикалық өңдеулерді қысқарту топырақтың физикалық қасиеттерін нашарлатпайды. Топырақтың беткі 0-30 см тереңдіктегі көлемдік салмақ тікелей себу және минималды топырақ өңдеу жүйесінде тиісінше 1,25-1,28 г/см³ құраса, дәстүрлі өңдеуде 1,22 г/см³. Агрономиялық бағалы агрегаттардың (0,25-10 мм) мөлшері беткі 0-25 см қабатта 81,66%-84,5% аралығында ауытқыды, ал дәстүрлі өңдеу жүйесінде ең төмен көрсеткіш (75,76%) анықталды. Суға төзімді агрегаттар мөлшері дәстүрлі және минималды өңдеуде 60,4%-61,1% аралығында өзгерді, ал тікелей себуде бұл көрсеткіш ең жоғары мәнге ие болып 64,8%-ды құрады. Бұл өз кезегінде топырақтың физикалық қасиеттерін жақсартып, оның агроэкологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ал дәстүрлі өңдеу топырақ құрылымының бұзылуына әкеледі. Түйін сөздер: топырақ өңдеу, тікелей себу жүйесі, минималды топырақ өңдеу жүйесі, дәстүрлі топырақ өңдеу жүйесі, топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуі, топырақ тығыздылығы, топырақ түйіртпектілігі.

Сведения

Опубликовано
2026 · № 2(130)
Язык
Казахский
ISSN
3135-243X · 3135-2448
Издатель
S.Seifullin Kazakh Agro Technical University