Central Asian Research Index

Журнал серии «Филологические науки», 2025, т. 78, № 3

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ МЕН ҚЫРҒЫЗ ЕСІМДЕРІНДЕГІ ӨЗАРА ҰҚСАСТЫҚТАР

А.Г. Құрбанов, Р.Б. Кажиакбарова, Д.Ж. Арынбаева

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент, Қазақстан

Аннотация · Abstract

Бұл зерттеу түркі тілдес халықтардың антропонимикалық жүйесіндегі тарихи, мәдени және лингвистикалық байланыстарды айқындауға бағытталған. Мақалада түркі халықтары мен қырғыз халқының есім жүйесі арасындағы өзара ұқсастықтар жан-жақты қарастырылады. Түркітілдес халықтардың ортақ тарихи тамыры мен мәдени құндылықтары есімдер жүйесінде кеңінен көрініс табатыны талданады.Зерттеудің басты мақсаты — қырғыз есімдерінің шығу тегі мен құрылымын басқа түркі халықтарының есім жүйелерімен салыстыра отырып, ортақ белгілер мен айырмашылықтарды саралау арқылы олардың рухани және мәдени жақындығын, тарихи сабақтастығын айқындау. Негізгі идея – түркі халықтарының антропонимдік қорында ұқсас морфологиялық және семантикалық құрылымдардың жиі кездесетінін көрсету.Зерттеу міндеттері – қырғыз антропонимдерінің шығу тегі мен құрылымын анықтау; түркі халықтарының есім жүйелерімен салыстыра отырып, ортақ және айырмашылықты белгілерді айқындау; есімдердегі тарихи-мәдени, этнолингвистикалық мәнді талдау; фольклор мен эпостық дәстүрдің қазіргі есімдер жүйесіне ықпалын көрсету.Зерттеу барысында салыстырмалы-тарихи, сипаттамалық және этнолингвистикалық әдістер қолданылды. Түркі халықтарының (қазақ, өзбек, түрік, әзербайжан, татар, башқұрт және т.б.) есімдеріне шолу жасалып, қырғыз есімдерімен салыстырмалы талдау жүргізілді.Мысалы, «Жылдыз», «Тәңірберген», «Байрам», «Өмірбек», «Бүркіт» сынды есімдердің түрлі нұсқалары әртүрлі түркі халықтарының есімдік қорында кездесетіні көрсетілген. Сонымен қатар, батырлық эпостар мен фольклор үлгілеріндегі есімдердің қазіргі заманғы есімдер жүйесіне ықпалына да назар аударылады. Ең жиі кездесетін есім түбірлері мағыналық ұқсастықтар мен этникалық кодтар зерттеу нысанына айналды.Зерттеу нәтижесінде қырғыз есімдеріндегі көне түркі элементтерінің сақталу дәрежесі жоғары екені анықталып, көптеген есімдердің түркі халықтарында ортақ қолданыста екені дәлелденді. Жұмыстың ғылыми және практикалық маңызы – түркі мәдениетін, ономастикалық үрдістерді, тарихи тамырластықты терең түсінуге мүмкіндік беруінде.Зерттеу барысында есімдердің тек атау ретінде ғана емес, белгілі бір тарихи кезеңнің, дәуірлік сананың, ұлттық болмыстың айнасы екендігі көрсетіледі.

Сведения · Details