Central Asian Research Index

Science and Technology of Kazakhstan, 2025, № 3,2025, с. 170-181

ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ФРЕЗЕРЛЕУ КЕЗІНДЕ ҚИЫН ӨҢДЕЛЕТІН МАТЕРИАЛДАРДЫҢ БЕТКІ ҚАСИЕТТЕРІНЕ ӘСЕРІН ЗЕРТТЕУ

С. О. Тусупова, Н. Ю. Кузьминова, А. С. Янюшкин, З. Р. Исабек, А. Д. Сулейменов

Аннотация · Abstract

Қазіргі заманғы өңдеуші өнеркәсіп жағдайында беріктігі, ыстыққа төзімділігі және коррозияға төзімділігі жоғары өңделуі қиын материалдар белсенді түрде қолданылуда. Бірақ оларды механикалық өңдеу құралдың тозуының жоғарылауымен, өнімділіктің төмендеуімен және беттің қажетті сапасын қамтамасыз етудегі қиындықтармен қатар жүреді [1, 71–73-бб.]. Осыған байланысты қазіргі заманғы өңдеу әдістері, атап айтқанда, жоғары жылдамдықты фрезерлеу қызығушылықты арттыруда. Бұл мақалада әлемдік тәжірибеде қолданылатын қиын өңделетін материалдарды өңдеудің өзекті әдістеріне шолу жасалып, қиын өңделетін материалдарды өңдеу ерекшеліктері анықталған. Жүргізілген эксперименттік зерттеулерде негізгі назар қиын өңделетін материалдарды жоғары жылдамдықпен фрезерлеу кезінде беткі қабатының қасиеттеріне әсері қарастырылды. Зерттеу нысаны ретінде қиын өңделетін материалдардың үш түрі пайдаланылды: титан ВТ-1, ыстыққа төзімді болат 20Х23Н18 және аустениттік коррозияға төзімді болат 10Х17Н13М2Т. Өңделген беттің қаттылығы мен кедір-бұдырлық параметрлеріне жүргізілген талдау жоғары жылдамдықпен өңдеудің тұрақты сипаттамаларды қамтамасыз етудегі артықшылықтарын көрсетті. Эксперимент нәтижелері жоғары жылдамдықты өңдеудің тиімділігін растады. Ұсынылған деректер машина жасауда және басқа да салаларда өңдеу режимдерін оңтайландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Осылайша, бұл зерттеу қиын өңделетін материалдармен жұмыс істеу кезінде өңдеу тиімділігі мен өнім сапасын арттыруға бағытталған қазіргі заманғы машина жасау салаларының дамуы жағдайында өзекті және сұранысқа ие. Кілтті сөздер: жоғары жылдамдықты фрезерлеу, кесу режимдерін оңтайландыру, титан, ыстыққа төзімді болат, беткі қабат, қаттылық, кедір-бұдырлық.

Сведения · Details