М. ДУЛАТҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН БАСПАСӨЗІ НЕГІЗІНДЕ)
Түркістан Республикасының ресми басылымы саналған «Ақ жол» газетінде (1920-1926) қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды дерек көп кездеседі. Қалам қайраткерінің «Ақ жол» газетінде біршама мақаласы, хабары және алты өлеңі жарияланған. Аталған өлеңдердің үшеуі ақынның шығармалар жинағына еніп, ғылыми айналымға қосылса, қалған үшеуі арнайы қарастырылмаған. Мақаланың мақсаты – Міржақып Дулатұлы өмірінің Ташкент, Семей кезеңдерін Түркістан баспасөзінің ресми үні – «Ақ жол» газеті негізінде нақтылау және «Балқия» драмасы, арнайы қарастырылмаған үш өлеңнің шығу тарихы, жазылу кезеңін анықтап, автор бейнесін ашу. Бұл мақсатта газетте басылған мақалалар, өлеңдер, деректер және тұлғаға қатысты жазылған ғылыми зерттеулер, естеліктер, сол кезеңде шыққан мерзімді басылымдар қаралды. Ташкент кезеңіне дейінгі қызметін нақтылау үшін РФ Омбы облысының тарихи архивіндегі құжаттар қосымша қаралды. Мақалада мәдени-тарихи, биографиялық, құрылымдық-сипаттамалық әдістер қолданыс тапқан. Зерттеу нәтижесінде «Балқия» драмасы мен үш өлеңнің жазылуы, шығу тарихы нақтыланып, тарихи дерегі мол туындылар екені айқындалды. Тұлғаның ғұмырнамасында ерекше орын алатын Ташкент, Семей кезеңдері Түркістан баспасөзіндегі деректер мен архив құжаттары арқылы толықтырылды. Мақала нәтижесі Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, толықтыруға септігін тигізеді.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · № 3, 2026, С. 368-382
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2710-3528
- Издатель
- Toraighyrov University