Central AsianResearch Index

ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ОТБАСЫЛЫҚ МЕРЕКЕЛЕРІНДЕГІ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АСПЕКТ

Мақалада жаһандану жағдайындағы қазақ отбасылық дәстүрлерінің трансформациясы философиялық және мәдениеттанулық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі жаһандық ақпараттық кеңістіктің, урбанизацияның, тұтынушылық мәдениеттің және цифрлық коммуникациялардың ұлттық мәдени тәжірибелерге ықпалының күшеюімен байланысты. Зерттеудің мақсаты – қазақ отбасылық мерекелері мен салт-дәстүрлерінің өзгеру ерекшеліктерін анықтау және дәстүрдің сақталуы мен жаңғыруы арасындағы арақатынасты философиялық тұрғыдан түсіндіру. Зерттеу нысаны ретінде қазақ қоғамындағы отбасыға байланысты дәстүрлі рәсімдер, соның ішінде ат қою, бесікке салу, сүндет той, үйлену тойы, беташар және Наурыз мерекесі алынды. Зерттеудің әдіснамалық негізін диалектикалық, салыстырмалы мәдени, герменевтикалық және аксиологиялық талдау әдістері құрайды. Талдау барысында жаһандану дәстүрлерді тек жойып қана қоймай, олардың формасы мен мазмұнының арақатынасын өзгертетіні анықталды. Қазіргі отбасылық мерекелерде дәстүрлі рәсімдер жаһандық мәдени үлгілермен, цифрлық медиамен және мерекелік индустриямен қатар өмір сүріп, гибридті формалар қалыптастыруда. Сонымен қатар дәстүрдің сыртқы формасының сақталуы оның бастапқы құндылықтық мазмұнының толық сақталғанын білдірмейді. Зерттеу нәтижелері дәстүрдің қазіргі жағдайда өмір сүруінің негізгі шарты оның механикалық түрде қайталануы емес, жаңа ұрпақ тарапынан саналы түрде түсіндіріліп, қайта мағыналануы екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан қазақ отбасылық дәстүрлерінің трансформациясы ұлттық мәдени бірегейліктің әлсіреуінің ғана емес, оны жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда қайта қалыптастырудың да көрінісі ретінде бағаланады. Кілтті сөздер: жаһандану, қазақ дәстүрі, отбасылық мереке, мәдени трансформация, ұлттық сана, руханият философиясы, аксиология.

Сведения

Опубликовано
2026 · № 3.2026, С. 125-143
Язык
Казахский
ISSN
2710-3439
Издатель
Toraighyrov University