ТОРАЙҒЫРОВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ 65 ЖЫЛ. ЭНЕРГЕТИКА ФАКУЛЬТЕТІНДЕГІ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫС. ҮРДІСТЕР МЕН ИННОВАЦИЯЛАР
Мақалада Павлодар индустриалдық институтының (ПИИ) қызметі басталған күннен (1960 жылғы 1 желтоқсан) энергетика факультетіндегі оқу-әдістемелік жұмыстың даму үдерісіне талдау жасалған. ПИИ Павлодар Ертіс өңірінің қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп-энергетикалық және аграрлық секторларын инженер кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ашылды. Өңір экономикасының осындай жедел дамуына 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуы серпін берді. Өткен ғасырдың 60-жылдарында өңірдегі кейбір кәсіпорындардың бейінінің өзгеруіне байланысты ПИИ мамандықтарының тізбесі тұрақсыз сипатта болды. Бұл жағдай оқу үдерісін жедел түрде қайта құруды талап етті (зертханалар мен мамандандырылған кабинеттерді жаңаша жабдықтау, кітапхана қорын толықтыру және т.б.), соның ішінде оқу-әдістемелік жұмысты да жетілдіру қажеттігін туындатты. Оқу-тәрбие үдерісінің сол кезеңдегі талаптарына сәйкес оқу-әдістемелік жұмыстың дамуына 1970-жылдардың басында факультетте тәжірибелі оқытушылар қатарынан әдістемелік комиссияның құрылуы ықпал етті. Комиссияның негізгі міндеті – сол уақыттағы кітапханадағы оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығы жағдайында оқу үдерісін оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар, комиссия жас оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету қызметін де атқарды. 90-жылдардың соңында құрылған институттың ғылыми әдістемелік кеңесінің ең маңызды жетістіктерінің бірі – 2000-жылдардың басында оқу үдерісін ұйымдастыру және оны оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша нормативтік әдістемелік құжаттар топтамасының қалыптастырылуы болып табылады. Атап айтқанда, «Мамандықтар мен пәндердің оқу әдістемелік кешендерін қалыптастыру туралы ереже» (ОӘМК және ОӘПК) әзірленіп, қазіргі уақытқа дейін қолданыста. ОӘМК пен ОӘПК-нің жетілдіру жоғары білім және ғылым министрлігінің жаңа нормативтік құжаттарына сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы электрондық оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу және басып шығару бағытында жоспарлы жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезеңде факультеттің оқу-әдістемелік жұмысы оқытудың модульдік нысанын тиімді пайдалануға бағытталған. Модульдік бағдарламалар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында кредиттік оқыту технологиясы аясында бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында қолданылады, олар Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (МЖМБС) негізінде әзірленеді. Модульдік білім беру бағдарламалары мамандарды даярлаудың құзыреттілік моделіне сәйкес жасалып, халықаралық білім беру кеңістігінің талаптарына толық сай келеді. Кілтті сөздер: оқу-әдістемелік жұмыс, модельдеу, қос тарапты оқыту, модульдік бағдарлама, жұмысқа орналастыру.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · № 3,2026, С. 421-441
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2710-3420
- Издатель
- Toraighyrov University