Central Asian Research Index

Bulletin of Toraighyrov University Philology series, 2026, № 2, 2026, с. 669-685

ХАМЗА ЕСЕНЖАНОВТЫҢ «АҚ ЖАЙЫҚ» РОМАН-ТРИЛОГИЯСЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ПОЭТИКАСЫ

Г. К. Утепбергенова, З. Қ. Бисенғали, Н. С. Балтабаева

Аннотация · Abstract

Мақалада классик қаламгер Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясындағы тарихи тұлғалардың көркемдік поэтикасы ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Зерттеудің мақсаты – автордың роман-трилогиясына арқау болған тарихи кейіпкерлердің көркем бейнесін сомдау әдіс-тәсілдерін, олардың типологиялық ерекшеліктерін, тарихи шындық пен көркемдік шешімнің өзара сабақтастығын, тарихи кейіпкерлердің эпопеялық кеңістіктегі идеялық-композициялық, мәдени, функциялық қызметін жан-жақты саралау. Тұжырымдалған мақсатқа сәйкес зерттеу барысында тарихи прототиптер мен көркем тұлғаларды типологиялық тұрғыдан классификациялау, портреттік сипаттаулар мен мінездеме беру арқылы психологиялық портретін айшықтау және ішкі монолог, диалог, авторлық нарративтің көпқырлы тәсілдерін талдау міндеттері белгіленді. Сонымен қатар шығарманың эпикалық құрылымындағы тарихи және көркем элементтердің байланысы, кейіпкерлердің рөлі, оқиғалардың хронологиялық үйлесімі мен эмоциялық динамикасы, ұлттық идея мен рухани кодты насихаттау барысындағы рөлі пайымдалады. Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы тарихи тұлғалар жүйесі, олардың поэтикасы ұлттық тарихи жадтың көркем репрезентациясы ретінде ерекше мәнге ие екені, олардың мінез-құлықтары, іс-әрекеттері оқырманға сол дәуірдің ащы ақиқаты мен күрделі динамикасын толық түсінуге мүмкіндік берудегі рөлін бүгінгі көзқарас тұрғысынан интерпретациялау зерттеу мақаланың өзектілігін көрсетеді. Зерттеу мақаланың ғылыми жаңалығы бірнеше бағытта көрініс табады. Біріншіден, тарихи тұлғалар тұтас көркем-идеялық жүйе ретінде қарастырылады. Екіншіден, тарихи прототип пен көркем бейненің өзара байланысы теориялық тұрғыдан жүйеленеді. Үшіншіден, тарихи тұлғалар поэтикасы, олардың идеялық функциялары бүгінгі жаңаша талаптар тұрғысынан интерпретацияланады. Төртіншіден, зерттеу жұмысында тарихи тұлғалардың ұлттық рух, тарихи жадты және әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді бейнелеудегі рөлі айқындалады. Жұмыстың әдебиеттану бағытындағы зерттеулерде және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда әдістемелік құрал ретінде маңызды үлес қосатын практикалық мәні пайымдалады. Зерттеу мақаланың ғылыми тұжырымдары тарихи тұлғалардың роман құрылымындағы қызметін, рөлін авторлық ұстаныммен байланыстыра қарастыруға бағытталды. Сөз зергері Х. Есенжановтың тарихи кейіпкерлерді тек факт ретінде ғана емес, сол дәуірдің әлеуметтік және рухани болмысын бейнелейтін көркем образ деңгейінде сомдаған шығармашылық шеберлігіне баға берілді. Жұмыстың ғылыми нәтижелері мен тұжырымдарын «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет теориясы» пәндері мен әдебиеттану, тіл білімі, философия, мәдниеттану этнопедагогика салалары бойынша зерттеу жұмыстарында пайдалануға болады.

Сведения · Details