Central Asian Research Index

Science and Technology of Kazakhstan, 2026, № 1, 2026, с. 174-188

ІРІМОДУЛЬДЫ ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ТІСТІ ДӨҢГЕЛЕК ҚАҚПАҒЫНЫҢ ЖӘНЕ БЕКІТУ ЭЛЕМЕНТТЕРІНІҢ ПАРАМЕТРЛЕРІН ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ НЕГІЗДЕУ

Д. А. Сарбаев, Т. М. Бузауова

Аннотация · Abstract

Жұмыста ірі модульді тістері енгізілетін және дискінің екі жағынан орнатылған қақпақтары бар құрастырмалы тісті дөңгелектің конструкциясы қарастырылған. Зерттеудің өзектілігі құрастырмалы конструкцияларды қолдану арқылы тісті берілістердің жөндеуге жарамдылығын және қызмет ету мерзімін арттыру қажеттілігімен, сонымен қатар олардың беріктік сенімділігін сақтау талаптарымен негізделеді. Қарастырылып отырған конструкцияның ерекшелігі – тістер қақпақтар арқылы күшпен қысылмайды: тістер корпус ойықтарына отырғызу арқылы бекітіледі, ал қақпақтар тістердің осьтік ығысуын шектейтін көмекші элемент қызметін атқарады. Қақпақтарды бекітетін элементтердің аналитикалық есебі ілінісу күшінің осьтік құрамдас бөлігінің әсерін және бір мезгілде жұмыс істейтін тістер арасындағы жүктеменің таралуын ескере отырып орындалды. Бұрамалардың беріктігі қиылу шарттары және рұқсат етілген кернеулер бойынша тексерілді, бұл олардың типоөлшемі мен санын негіздеуге мүмкіндік берді. Қақпақтардың қалыңдығын таңдауға ерекше назар аударылды, ол ілінісу процесіне әсер етпеу үшін және тісті дөңгелектің салмағын ауырлатпау мақсатында ең аз мәнде қабылданды. Аналитикалық есеп нәтижелерін растау үшін ANSYS бағдарламалық кешенінде соңғы элементтер әдісімен қақпақтар мен бекіткіш элементтердің кернеулі-деформацияланған күйіне сандық модельдеу жүргізілді. Модельдеу нәтижесінде қақпақтарда да, бұрамаларда да кернеулі күйдің төмен деңгейін көрсететін негізгі кернеулер өрістері алынды. Қабылданған қақпақ қалыңдығы мен бекіткіш параметрлері беріктіктің елеулі қорын қамтамасыз ететіні және қауіпті кернеулердің пайда болуына әкелмейтіні анықталды. Аналитикалық және сандық нәтижелерді салыстыру қабылданған есептік схеманың дұрыстығын және ұсынылған конструктивтік шешімді ірі модульді тістері бар құрастырмалы тісті дөңгелектерді жобалау кезінде қолдану мүмкіндігін растады. Кілтті сөздер: құрастырмалы тісті дөңгелек, қақпақ, бекітетін элементтер, беріктік есептері, сандық модельдеу, соңғы элементтер әдісі.

Сведения · Details