Central Asian Research Index

Bulletin of Toraighyrov University Philology series, 2026, № 1,2026, с. 92-105

ЗЕЙНОЛЛА СӘНІКТІҢ «ЖЕЛІ БАСЫНДАҒЫ ЖЕЛПІНІС» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ЭТНО-МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ МӘНІ

А. М. Ахметова, Б. Әбдіғазиұлы

Аннотация · Abstract

Зерттеу мақалада этнограф-зерттеуші Зейнолла Сәніктің «Желі басындағы желпініс» әңгімесі негізгі зерттеу нысанына алынып, ұлттық этнография саласында іргелі ғылыми ой-тұжырымдар жүйелеген қаламгердің шағын проза жанрындағы көркем этнографиясының қыр-сыры ашылған. Көшпелі дала тіршілігіндегі адам мен табиғат үйлесімділігі, ата кәсіптің дамуындағы дәстүрлі таным-тәжірибені танытатын жылқы түлігіне қатысты естіліктер мен оның өз тұқымына адалдығы, өзара татулығы, жершілдік қасиеттері адам болмысымен паралелль алынып, ұлттық сананың өзгеріске түсуі, ағайын арасындағы алауыздық оқиғалары, ата кәсіпті дамытудағы көкейтесті мәселелерді көтерудегі З.Сәніктің жазушылық шеберлігі тұңғыш рет жан-жақты талданған. Шағын көлемді әңгіме мәтініндегі этнографиялық бейнелеулер, халықтық салт-дәстүр, тұрмыс-тіршіліктің өткені мен бүгіні кейіпкер ой-санасы арқылы көркем кеңістікке еніп, жаңаша мән иеленгендігі қарастырылған. Дала тіршілігіндегі жылқы өсіру кәсібінің жыл мезгілдеріне қатысты рәсімдерінің мәні ашылып, сайын дала, желі байлау, атқұмарлық, бәйге, көш сияқты этнографиялық ұғымдардың, детальдардың кейіпкер тұлғасын ашудағы көркемдік қызметі айқындалған. Мақалада шығармадағы ұлттық құндылықтардың көркемдік тұрғыдан игерілуінің ерекше қыры ашылады. Фольклорлық таным мен көркемдік ұғымның аражігі жазушылық шеберлікпен сабақтасқандығы талданған. Этнограф-зерттеушінің халықтық ұғымдарды көркем әдебиет поэтикасына енгізудегі өзіндік қолтаңбасына назар аударылған.

Сведения · Details