Central Asian Journal of Art Studies, 2026, т. 11, № 3, с. 79-100
ЦИФРЛЫҚ ӨНЕРДЕГІ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: ҮДЕРІСТІЛІК, ИНТЕРАКТИВТІЛІК ЖӘНЕ ГЕНЕРАТИВТІЛІК
Аннотация · Abstract
Бұл зерттеу жұмысы цифрлық дәуірдегі эстетикалық тәжірибенің трансформациясын талдауға арналған. Зерттеудің өзектілігі технологиялардың өсуімен және олардың өнер саласына әсер етуімен байланысты, бұл дәстүрлі эстетикалық ұғымдарды қайта қарауды талап етеді. Зерттеу барысында дәстүрлі көркем туындыларды қарастырудан цифрлық өнер туындыларының қалыптасу үрдісіне белсенді қатысуға көшу барысы талданады. Бұл гипотезаны тексеру үшін Маршалл Маклюэннің медиалогиясы, Лев Мановичтің жаңа медиа теориясы және Бруно Латурдың акторлық-желілік тәсілі негізгі әдіснамалық база ретінде қолданылады. Зерттеудің мақсаты салыстырмалы талдау арқылы осы парадигманың негізгі сипаттамаларын анықтау және жүйелеу болып табылады. Жұмыс аясында цифрлық өнер объектісінің онтологиялық мәртебесін анықтау, автор мен көрермен рөлдерін айқындау және жаңа эстетикалық қағидаттарды бөліп көрсету міндеттері шешілді. Мақалада қолданылған әдіснама негізінде цифрлық туындыны оқшауланған объект ретінде емес, адам мен технологияның бірлескен әрекетінің динамикалық нәтижесі ретінде талдауға болатыны көрсетілді. Эмпирикалық материал ретінде Кейси Риас, TeamLab тобы және Марио Клингеманның жобалары талданды. Зерттеу нәтижелері салыстырмалы кесте түрінде ұсынылды. Бұл кесте өнерді тамашалау тәсілінің өзгеретінін анық көрсетті. Технологиялардың шапшаң дамуының арқасында көрермен бұрынғыдай дайын өнер туындыларын бақылап қана қоймайды, енді оның үздіксіз және жүйелі өзгеруіне (үдерістілік), онымен өзара әрекеттесуіне (интерактивтілік) және оның бағдарламалар арқылы жасалуына (генеративтілік) көбірек назар аударылады. Цифрлық шығарма дайын туынды емес. Ол үнемі даму жолындағы үдеріс болып табылады. Оның авторы жалғыз жаратушы ретінде қабылданбайды. Ол тек жүйені (мысалы, бағдарламаны) әзірлеуші ретінде әрекет етеді. Көрермен болса өнерді пассивті түрде бақылап қана қоймай, оны қалыптастыруға белсенді түрде қатысады. Үдерістілік, интерактивтілік және генеративтілік жаңа парадигманың негізгі қағидаттарына айналып, құндылық түпкілікті нәтижеден өзара әрекеттесу үдерісінің бірегейлігіне ауысады. Бұл зерттеу нәтижелері бір жағынан Маклюэннің медианы адамның кеңейтілген серпіні ретінде қарастыратын концепциясымен және Мановичтің жаңа медианың модульдік сипаты мен автоматтандырылған мәнін ашатын тұжырымдамаларымен сәйкес келеді. Бірақ екінші жағынан, автор мақалада осы теориялық негізді айтарлықтай байытады. Өйткені, автор цифрлық медианың нақты техникалық параметрлері мен алгоритмдік ерекшеліктерінің эстетикалық тәжірибені қалай түрлендіретінін жүйелі түрде ашып көрсетеді. Атап айтқанда, үдерістілік форматы, интерактивті интерфейстер мен генеративтік механизмдер эстетикалық қабылдаудың өзекті модельдерін жаңа деңгейге көтереді. Осылайша, бұл классикалық медиатеорияларға заманауи контексте тереңдік пен өзіндік ерекшелік береді.
Сведения · Details
- DOI 10.47940/cajas.v11i3.1129
- Журнал · Journal Central Asian Journal of Art Studies
- Язык · Language казахский
- Цитирования (Crossref) · Citations 0
- Лицензия · License creativecommons.org/licenses/by-nc-nd/4.0