Central AsianResearch Index

ҚАЗАҚ КӨРКЕМСУРЕТТІ КИНОСЫНДАҒЫ АҒАШ МИФОЛОГЕМАСЫНЫҢ СЕМИОТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-СИМВОЛДЫҚ МӘНІ

Бұл мақала – қазіргі қазақ көркемсуретті кино өнеріндегі «өмір ағашы» мифологемасының семиотикалық және мәдени-символдық мазмұнын талдауға арналған ғылыми ізденістердің жалғасы. Зерттеудің мақсаты – кино өнеріндегі «өмір ағашы» мифологемасын ұлттық дүниетаным, тарихи-мәдени жады, когнитивтік және символдық тұрғыдан жан-жақты саралау. Міндеті – өмір ағашы образының мифологиялық жүйедегі мағынасын анықтау, кино тілі арқылы оның мәдени-генетикалық код ретіндегі қызметін айқындау, ұлттық кинодағы архетиптік құрылымдармен байланысын жүйелеу. Зерттеу барысында мифопоэтикалық талдау, семиотикалық сараптау, салыстырмалы-мәдениеттанымдық әдістер кешені қолданылды. Мақалада Карл Юнг, Мирча Элиаде, Зигмунд Фрейд, Нортроп Фрай, Лев Гумилев, Әлкей Марғұлан, Шоқан Уалиханов, Сейіт Қасқабасов, Шахимарден Құсайынов, Таласбек Әсемқұлов секілді ғалымдардың теориялық еңбектері негізге алына отырып, ұлттық және әлемдік кинодағы өмір ағашы мифологемасының мазмұны мен қолданыс аясы жан-жақты қарастырылады. «Өмір ағашы» бейнесінің мифтік мәні жүйеленіп, ол архетип ретінде ашып көрсетілді. Сонымен қатар, кино тілі арқылы оның мәдени-генетикалық код ретіндегі қызметі айқындалды. Қазақ киносындағы басқа да мифтік құрылымдармен байланысы зерделеніп, нақты мысалдар негізінде талдау жүргізілді. Ұлттық және әлемдік кино өнердегі визуалды-концептуалдық ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасалынып, «Қыз Жібек», «Балкон», «Батыр Баян» «Көшпенділер», «Бақсы», «Кек» секілді фильмдердегі «өмір ағашы» символының сюжеттік-композициялық және психологиялық астары сараланды. Зерттеу қазақ халқының мифологиялық дүниетанымын әлемдік сана иірімдері мен түркілік ой машығы тұрғысынан пайымдай отырып, дәстүрлі ұғымдарды ғылыми-теориялық талдау жүйесінен өткізуге бағытталған. Бұл зерттеу халықаралық оқырманға қазақ халқының мифологиялық дүниетанымын кино өнері арқылы тануға, ұлттық мәдени кодты түсінуге, архетиптік символиканың кинематографиялық қызметін зерделеуге мүмкіндік береді.

Сведения

Опубликовано
2025 · Т. 10, № 3, С. 33-52
Язык
Казахский
ISSN
2414-4177 · 2520-2162
Издатель
Temirbek Zhurgenov Kazakh National Academy of Arts