Central Asian Research Index

Yassawi Journal of Education Studies, 2026, т. 3, № 141, с. 31-44

Оқушылардың икемді дағдыларын дамытуда геймификация технологияларын қолданудың әсері

И. УСЕМБАЕВА, Б. БАЙМУХАНБЕТОВ, Ш. АБДУРАХМАНОВА

Аннотация · Abstract

Қазіргі білім беру үдерісінде оқушылардың тек пәндік білімін меңгеруі жеткіліксіз болып, олардың коммуникативтік, әлеуметтік, сыни ойлау, командада жұмыс істеу, шығармашылық және өзін-өзі реттеу сияқты икемді (soft skills) дағдыларын дамыту ерекше маңызға ие болуда. Аталған дағдылар білім алушылардың оқу жетістігімен қатар, олардың болашақ кәсіби және әлеуметтік бейімделуінің негізгі алғышарттары ретінде қарастырылады. Дегенмен дәстүрлі оқыту тәсілдері оқушылардың белсенділігін, ішкі мотивациясын және тұлғалық дамуын қамтамасыз етуде шектеулі мүмкіндіктерге ие. Осыған байланысты білім беру тәжірибесінде геймификация технологияларын қолдану өзекті педагогикалық мәселе ретінде айқындалады. Бұл зерттеудің мақсаты – геймификация технологияларын оқу үдерісінде қолданудың оқушылардың икемді дағдыларын дамытуға тигізетін әсерін анықтау болып табылады. Зерттеу барысында теориялық және практикалық әдістер кешені қолданылды. Зерттеу нәтижелері геймификация технологияларын жүйелі әрі мақсатты қолдану оқушылардың оқу мотивациясын арттырып, олардың коммуникативтік, әлеуметтік, командада жұмыс істеу, сыни ойлау және өзін-өзі реттеу дағдыларының дамуына оң әсер ететінін көрсетті. Геймификацияланған оқу ортасында оқушылардың белсенділігі мен оқу үдерісіне қатысу деңгейі жоғарылап, жағымды эмоциялық ахуал қалыптасты. Сонымен қатар ойын механикаларына негізделген тапсырмалар білім алушылардың дербестігін, жауапкершілігін және өз оқу әрекетін саналы түрде реттеу қабілетін күшейтті. Қорытындылай келе, геймификация технологиялары оқушылардың икемді дағдыларын дамытуға бағытталған тиімді педагогикалық құрал ретінде сипатталады және оны білім беру үдерісінде кеңінен қолдану оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сведения · Details