Central AsianResearch Index

Қазіргі қазақ поэзиясындағы лирикалық қаһарман мен психологизм мәселесі (Қалқаман Сарин және Ақберен Елгезек поэзиясы негізінде)

Қазіргі қазақ лирикасы қоғамдық өзгерістермен, рухани ізденістермен, адам санасындағы ішкі күйзелістермен тығыз байланысты. Ақындар шығармаларында адамның жан дүниесін, сезімін, ішкі психологиялық жағдайын терең әрі шынайы жеткізу тенденциясы арта түсті. Бұл қазақ поэзиясындағы психологизм құбылысының өзектілігін айқындайды. Бүгінгі әдебиеттануда лирикалық «мен» табиғаты, ішкі монолог, сезім мен сана күресі секілді мәселелер кеңінен қарастырылып, жаңа теориялық талдауды қажет етеді. Бұл мақалада қазіргі қазақ поэзиясы жанрындағы психологизм көрінісі мен өлең жолдарындағы лирикалық қаһарман мәселесі ғылыми тұрғыда талданады. Лирикалық қаһарманға қатысты шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері салыстырмалы түрде қаралып, сол бойынша тұжырымдар жасалады. Поэзияда лирикалық қаһарман бейнесі көркем шындықты байыта отырып, әдебиетке жаңаша тәжірибелер жасауға мүмкіндік береді. Автордың ішкі жинақталған ойын, сана-сезімін, эмоциясын, жан жүрегіндегі толғаныстарын көрсетуге өз септігін тигізетін психологизм тақырыбы мақаламыздың негізгі нысаны саналады. Психологиялық тереңдік пен лирикалық кейіпкердің дамуы, ақын жанының күйзелісі, жалғыздық, үміт пен үрей тақырыптары жөнінде зерттеулер жасалады. Мақаламызда қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері, белгілі ақын Қалқаман Сарин мен Ақберен Елгезектің көктем мезгіліне қатысты өлеңдері назарға алынып, сол бойынша зерттеу жұмыстары атқарылады. Көктем мезгіліне қатысты тақырыптағы өлеңдердің табиғи құбылысқа ғана арналып жазылмағандығын ескеріп, оның ақын психологизмі мен табиғат көрінісінің бір-біріне әсерін, оның шығармада келу үдерісін айқындауға тырыстық. Зерттеу мақаласында авторлар З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Нұрғали, Т. Шапайдың өлең табиғатына, лирикаға қатысты тұжырымдарын саралап, әлемдік психо-аналитик ғалымдар З. Фрейдтен бастап А. Адлерге дейінгі, т.б. ғалымдардың психологиялық үдеріске қатысты ойларына мән беріп, отандық әдебиеттану ғылымындағы зерттеуші-ғалымдарымыздың тұжырымдарына сүйене отырып, аталмыш мақаланың тақырыбын ашып, тұжырымдауға тырысады.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 1, № 1, С. 228-241
Язык
Казахский
ISSN
3107-3077 · 3107-3085
Издатель
Khoja Ahmed Yasawi International Kazakh-Turkish University